жексенбі, 29 қыркүйек, 2024 4:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Пойыз жүрді, енді автобус жүрсе...

Пойыз жүрді, енді автобус жүрсе...
ашық дереккөзі
Пойыз жүрді, енді автобус жүрсе...

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Талас, Сарысу аудандары тұрғындарының Тараз қаласына қатынауына байланысты туындайтын ешқандай мәселе жоқ. Көлік ағылып-ақ жатыр. Бірақ бір өкініштісі әлі күнге екі қаланы бір-бірімен байланыстыратын қоғамдық көлік жоқ. Көрші жатқан қос аудан тұрғындарын осы мәселе көптен бері толғандырып келеді. Мәселен Қаратау қаласының тұрғыны Жаңатасқа баруы үшін жаяу-жалпылап, Тараз-Қаратау-Жаңатас бағытындағы жолға шығып, сарылып көлік күтуге мәжбүр. Тараздан Жаңатасқа жолға шыққан көлік бос болып, ала кетсе жолаушының жолы болғаны. Сол секілді Жаңатастан Қаратауға бару үшін де Таразға бет алған көлікке мініп, жолдан түсіп қалуға тура келеді.

Қаратау қаласының тұрғыны Ләзат Жұмағұлова Жаңатасқа жиі қатынайтын тұрғынның бірі. Өйткені сонда тұратын туған-туыстарына жиі барады. – Жол азабын тартып жүрген мен ғана емес. Бұл осы екі аудан тұрғындарына ортақ мәселе. Қаратаудан Жаңатасқа барып қайтатын жолаушысы болмаса, такси де жүрмейді. Жолай кетіп бара жатқан көлік адам басына 1000 теңге алады. Ал көлік болмаса 90 шақырымға кемі 5 мың теңге төлеп, такси жалдап баруына тура келеді. Қос ауданның басшылары екі араға қоғамдық көлік жүргізу мәселесін шешсе деген ұсынысым бар. Бір қуанарлығы қыста екі ортаға пойызбен қатынаймыз. Бұған да шүкір. Жолақысы да арзан. Аталған пойыз қыс мезгілінде ғана емес, жыл бойы жүрсе нұр үстіне нұр болар еді, – деді ол. Тұрғындардың Қаратау мен Жаңатасқа кедергісіз қатынауына қыс мезгілінде жағдай жасалуы да үлкен көмек. Жаңатас стансасының билет сату кассирі Индира Әбдіраева Жаңатас-Қаратау-Тараз бағытындағы жолаушылар пойызы бірер күн бұрын жолға шыққанын айтты. – Пойыздың жүру мерзімі қыстың 3 айы, яғни 1 желтоқсан мен 1 наурыздың аралығын қамтиды. Жаңатас стансасынан Таразға күніне бір мәрте таңғы сағат 05:00-де шығып, облыс орталығынан кешкі сағат 16:24-те кері қайтады. Тұрғындар «Осы бағыттағы пойыз неліктен жыл бойы жүре бермейді?» деген сұрақтарын қойып жатады. Негізінен бұл бағыт тиімсіз, өзін-өзі ақтамайды. Қыстағы үш ай мерзімнің өзі қып-қызыл шығын. Бұл екі қала арасына қатынайтын тұрғындар қыста қиындық көрмесін деп жасалып отырған жағдай, – деді И.Әбдіраева.

Аталған пойыз бейсенбі күннен басқа аптаның барлық күнінде қатынайды. Билет бағасы Жаңатас қаласынан Қаратау қаласына дейін 479 теңге, Жаңатас қаласынан Тараз қаласына дейін 956 теңге екен. Жұрт отарбаның қызметін былтыр да осы бағада тұтыныпты.

  Нұрым Сырғабаев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар