жексенбі, 25 мамыр, 2025 16:32

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президент тапсырмасы: Жамбылда өткен жиында агросаланың өзекті мәселелері талқыланды

Президент тапсырмасы: Жамбылда өткен жиында агросаланың өзекті мәселелері талқыланды
Жамбыл облысының әкімдігі
Жиын барысында асыл тұқымды мал, ауыл шаруашылығы техникасы, су үнемдеу технологиялары, тыңайтқыш, тұқым және қайта өңдеу өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор екенін айтып, алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есеге, ал еңбек өнімділігін үш есе арттыруды тапсырған болатын. Сонымен бірге ғылыми жаңалықтарды да пайдалана отырып ауыл шаруашылығы саласын дамыту – бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Осы ретте, кеше Байзақ ауданындағы «QazMeatExport» шаруа қожалығының егіс алқабында облыстық дала семинары өтті. «Ауыл шаруашылығы саласын дамыту» эксперттік талқылау семинарына еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жиын барысында асыл тұқымды мал, ауыл шаруашылығы техникасы, су үнемдеу технологиялары, тыңайтқыш, тұқым және қайта өңдеу өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ол көрмемен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов таныстырса, ал «QazMeatExport» қожалығының төрағасы Дәулет Қонқашев жаздық арпа, күздік бидай, көкөніс алқаптарының бүгінгі жайынан хабардар етті. Егістік алаңында ұйымдастырылған келелі жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, жүргізіп отырды.

 

– Бүгінгі күні Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барынша қолдау көрсетіліп, мемлекеттік бағдарламалардың оң іске асуына баса көңіл аударылуда. Сондықтан облыста егістікті цифрландыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, егіс алқаптарын әртараптандыру, суармалы алқаптарды ұлғайту, минералды тыңайтқыштарды енгізу, жоғары сұрыпты тұқымдармен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқаруымыз қажет. Бүгінгі күні өңірде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайту бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Атқарылатын шаралар облыстағы сүт өндірісін жыл сайын 6,5 пайызға, қоймалардың сыйымдылығын 10 пайызға арттыруға, сол арқылы маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімін арттырып, салаға қосымша инвестиция тартуға өз әсерін тигізетін болады. Ауыл шаруашылығы саласының еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, ел ризығын молайтуға қосар үлесі зор болғандықтан, ғылыми жаңалықтарды да пайдалана отырып, бұл саланың дамуын өз биігінен түсірмеу – бүгінгі күннің талабы, – дей келіп аймақ басшысы сөз кезегін баяндамашыларға берді.

 

Сондай-ақ дала семинарының ашылуында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сөз сөйлеп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын дамыту бойынша алдымызға қойып отырған бағыт-бағдарымен таныстырып өтті.

 

Осыдан кейін облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 48,2 миллиард теңге бөлінген. Оның 22,4 миллиард теңгесі шаруашылықтарға жетіп, игерілген қаражат 69 пайызды құраған. Осының есебінен биыл 3,4 мың шаруа қожалық мемлекеттік қолдауға ие болған. Сонымен өткен үш ай қорытындысында 38 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 4,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан өңірге 20 мың тонна дизель отыны бөлініп, шаруаларға тарату жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.

 

Жалпы биыл 641 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланса, ол жұмыс та жоспарға сай атқарылуда. Келесі кезекте мінбеге көтерілген «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» басқарма төрайымы, ҚР Ұлттық аграрлық академиясының академигі Шолпан Бастаубаеваның «Егін шаруашылығын әртараптандыру – уақыт талабы», «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» басқарма директоры Теміржан Айтбаевтың «Жамбыл облысының шаруашылықтарына ұсынылатын картоп және көкөніс-бақша дақылдарының отандық сорттары» тақырыбындағы баяндамалары көп шаруа қожалықтарына ой тастады.

 

Ал «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» жем-шөп өндірісі және жайылым бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Нұргүл Меделбекованың «Жамбыл облысында мал шаруашылығы мен жем шөп өндірісін ғылыми қамтамасыз ету», Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Балғабаевтың «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде су үнемдейтін суару технологияларын қолдану» тақырыбында жасаған баяндамалары да диқандар мен қожалық тарапынан қызу талқыға түсті.

 

Жалпы, ғалымдардың жасаған баяндамалары көпшілікке көп ой салып қана қоймай, шаруашылық басшыларының олармен бірлесе жұмыс істеуге деген құлшынысын арттырды. Сұрақ-жауап бөлімінде де шаруалар тарапынан көп сұрақтар қойылды. Ол сұрақтың дені жоғарыда айтқандай ғалымдарға, олармен әріптестік орнатуға бағытталғанын атап өткен жөн.

 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында: «Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты» екенін ерекше атап өткен болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында: «Біз алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет» екенін айтты. Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Мемлекет тарапынан саланы дамытуға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артуда. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу, саланы индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыру, озық технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру және агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін күшейту арқылы жоғарғы нәтижелерге қол жеткізетін боламыз, – деген аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев дала семинарын қорытындылады.

 

Жиын соңы марапаттауға ұласты. Бұл кезеңде облыстың бірқатар ауыл шаруашылығы еңбеккерлері еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Алғыс хаты, облыс әкімдігінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар