«Өрт көбейді». Жамбылда биыл 21 өрт оқиғасы болды
- авторМағжан Орынбасар
- 12 шілде, 2024
- 522
Биыл Жамбыл облысында өрт оқиғасы көбейіп, 21 дерек тіркелді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, биыл облыста 21 өрт оқиғасы орын алған. Оның 12-сі жай отының түсінуінен болса, 4 дерек көліктердің жануынан, 2-еуі адамдардың қолынан қасақана жасалған болуы мүмкін деген болжам бар. Нартай Егембердиев шырпы тұтатқандар жөнінде қылмыстық іс қозғалып, құзырлы орган тарапынан тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін кезекшіліктер ұйымдастырылған.
- Осыған байланысты, орман қорындағы орманшылықтарда 26 өрт бақылау мұнаралары жұмыс жағдайына келтіріліп, өрт қаупі маусымының жоғары кезеңінде өрт қауіпті аумақтарда 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылды. Орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 11154,5 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары толық жүргізілді. Орман қорын күзету және патрульдеу үшін өртке қарсы техниканы ұстауға жанар-жағармаймен толығымен қамтамасыз етілді,- деді Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары.
Облыста өртті болдырмау мақсатында бақылау жасау үшін 39 мұнара болуы керек. Басқарма өкілі дәл қазір мұның саны 30-ға жетпейтінін айта келе, жыл соңына дейін қажеттілік толық шешілетінін атап өтті. Сонымен қатар, жай отының алдын алатын құрылғылар орнату қолға алынып жатқанын тілге тиек етті. Жабдықтың биыл 8 данасы орнатылады. Маманның сөзінше, өрт көбейген тұста 2020 жылы орнатылған найзағайтосқыш құрылғалар арқылы көрсеткіш төмендеген. Сондықтан табиғи апаттардың себебімен күресуге бөлініп жатқан қаржы да аз емес.
- 2023 жылы материалдық-техникалық базаны толықтыру мақсатында 280,0 млн. теңге қаражат қарастырылып тиісті техникалар мен агрегаттар алынды. Ағымдағы жылы материалдық-техникалық базаны толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен 393,0 млн. теңге қаражат қарастырылып, өртке қарсы техникалар, патрулдік автокөліктер мен агрегаттар сатып алу және өрт бақылау мұнаралары мен найзағай сатып алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде,- деді Нартай Егембердиев.