Шекарашылар 100-ден астам малды Қырғызстанға өткізбек болғандарды ұстады
- авторМағжан Орынбасар
- 5 мамыр, 2025
- 204

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының таулы аймағында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы 116 бас ірі қара малды Қырғыз Республикасының аумағына заңсыз өткізбек болған әрекетті дер кезінде анықтап, оның жолын кесті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекеттік шекараны қорғау шаралары аясында жүргізілген жедел іс-шаралар барысында шекара наряды малды шекарадан заңсыз айдап өтуді көздеген әрекетті әшкереледі.
- Оқиға орнына уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп малдарға тексеру жүргізілуде. Құқық бұзушылықтың мән-жайлары анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық іс-шаралар жүзеге асырылуда. Шекара қызметі Мемлекеттік шекараны қорғау және оны бұзу әрекеттерінің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретін болады,- делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.