"Түнгі шеру": Таразда автокортежге қатысқандардың көлігі айып тұрағына қойылды
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 15:20
- 67
Түнгі рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтады. Құқық қорғау органдарының назарына жол қозғалысы ережелерінің талаптарын әдейі елемей, жол үстінде қауіп төндірген көліктер шеруі түскен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жағдайға жедел әрекет еткен патрульдік полиция қызметкерлері қауіпті маневрлердің жолын кесті. Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісінің көлік басқару құқығы болмаған және ол бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған.
Ал Toyota көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып, қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған. Аталған құқық бұзушылықтар үшін олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тексеру барысында Hyundai автокөлігінің жүргізушісінің мас күйінде көлік басқарғаны анықталып, бұл медициналық куәландыру нәтижесімен расталды. Сот шешімімен оған 18 тәулікке әкімшілік қамау және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ, Lada автокөлігінің жүргізушісі қос тұтас жолақ сызығын кесіп өткені үшін жауапкершілікке тартылды. Ол 6 айға дейін көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Автокортежге қатысқан барлық көліктер арнайы айып тұрағына қойылды.
– «Заң және тәртіп» қағидаты аясында облыста жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларға қарсы ымырасыз күрес тұрақты түрде жүргізілуде. Заң талаптарын елемеудің кез келген әрекеті дереу тоқтатылып, құқық бұзушылар толық көлемде жауапкершілікке тартылады. Азаматтардың жолдағы қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз, – деп атап өтті Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев.





