Тұңғышбай әл-Таразидың «Гамлеті» көңілден шықты
- авторjambylinfo.kz
- 19 қазан, 2020
- 385
Театр тіршілігінде сырттан режиссер шақырып, қойылым қою тәжірибесі бұрыннан бар. Бұл қойылымның сапасын арттыру үшін аса қажет. 85 жылдық тарихы бар Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында бұған дейін Нұрқанат Жақыпбаев, Қуандық Қасымов (өзге облыста жүрген кезінде) секілді режиссерлерді аттай қалап шақырып, тәжірибелерін бөліскен болатын. Ал бұл жолы Таразға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық артисі Тұңғышбай әл-Таразидың (Жаманқұлов) өзі келіп, қоюшы-режиссер ретінде У.Шекспирдің «Гамлетін» сахналады. Қойылымның қоюшы-суретшісі – Рахат Сапаралиева.
Сонымен, Тұңғышбай қойған «Гамлет» несімен ерекшеленді? Гамлет қойылымының идеясы – шені жоғары адамдардың құрдымға кетуін, қоғамды түзетуге белсеніп шыққан жалғыз күрескер Гамлеттің қилы жолдарын, қайғысын суреттеу болып табылады. Шекспир трагедиясы ә дегеннен үрейлі басталды. Түнгі жүргіншілердің көзіне жақында қайтыс болған Дания королінің (Гамлеттің әкесі) әруағы бірнеше рет елес болып көрінді. Король өз ажалынан өлмеген еді. Оны билікқұмар бауыры Клавдий (Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков сомдады) улап өлтіріп, ағасының әйелі (Гамлеттің анасы) патшайым Гертруданы (Мәдениет саласының үздігі Анар Сағымбекова) құшағына алып, алтын тақтың үстінде сайран салып отырған. Ал жас Гамлет (Байғали Мырзақұл) әкесінің кегін ала алмай аласұрады. Әкесінің жылы өтпей-ақ, шешесінің Клавдий патшаға тиіп алғанына өкпелі еді. Туған бауыры әкесін өлтіріп, таққа қанды жолмен жеткенін біле тұра Гамлет одан кек алу үшін батыл қадамдарға бара алмай, қиналады. Тайсақтаумен болады.
Ал бұл уақыт аралығында адам өлтіруді шыбын өлтіргендей оңай көретін Клавдий патша да текке жатпай, өзінің негізгі жауы Гамлетті өлтірудің амалдарын ойластырып қойған еді. Клавдий патша ойластырған сол амалдар салдарынан бірнеше адам өмірімен қоштасып кетті. Соның ішінде Гамлетке арналған у қосылған шарапты ішіп қойып, Гертруда да қайтыс болады. Ең ақырында ұшына у жағылған қанжар тиіп Гамлет те, таққа қанды қолмен жеткен Клавдий де өмірмен қош айтысады.
Қойылым барысында Гамлет образын жас актер Байғали Мырзақұл лайықты ойнап шықты. Кенен мен Анардың шеберлігіне күмән болмаса керек. Сондай-ақ негізгі кейіпкерлер: Гамлетке ес -түссіз ғашық Офелия қызды – Аружан Райымбек, әруақ образын – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан, Полонийді – Қазақстанның мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков, Лаэртті – жас актер Абылай Әубәкіров, Корнелийді –Жандар Қырықбаев, Вольтимандты – Руслан Оразалиев, Марцеллді – Елжан Жармұхамедов, Озрикті – Мейірбек Есімбекұлы, Бернардоны – Нұрсұлтан Маханов, көр қазушыларды – Әнапия Ахмет пен Жорабек Төлеген, актерлер мен актрисалар бейнелерін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Анар Алтыбаева және Әсем Қондыбаева, Әбу Шоңбаев, Абзал Дәулетбақов, Горационы – Қасым Келесбек, Розенкронцты – Медеу Ердалиев, Гильденстернді Ерасыл Аманбек сәтті сомдап шықты.
– Осынау қасиетті сахнада кімдер ойнамады десеңізші! Шәріпбай, Мұхамедқали ағалар бастаған талай таланттың ізі қалды. Осындай қасиетті қара шаңырақта «Гамлетті» қоюды өзіме парыз санадым. Оның бағасын көрермен қауымның өзі бере жатар, – деді Тұңғышбай әл-Тарази.
Иә, қойылымның көрермен көңілінен шыққаны анық. Жерлесіміз Тұңғышбай әл-Таразидың бұл қадамы – театрдың 85 жылдық тойына үлкен тарту болды.
Есет ДОСАЛЫjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз