Қайран қазақтың Нұрғисасы! Кеудесі алтын қазынаға толы біртуар тұлға: «Мен өлгенде ешкім жоқтау айтпайды. Жұртым мені әніммен шығарып салады», – деген екен. Шынында да, мұндай тұлғаға жоқтау айтылмауы тиіс.
Себебі, Нұрғиса әнімен, күйімен күн сайын ортамызда жүр ғой. Оны біз сәт сайын сезінеміз. Бұған аңызға айналған күйші-композитор, дирижер, КСРО-ның және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 95 жылдығына арналған К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің «Әлқисса – Нұрғиса» атты концерттік бағдарламасын тыңдай отырып, тағы көзіміз жетті. Мұнда тек оркестрдің сүйемелдеуімен Нұрғисаның әндері мен күйлері орындалды.
Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов пен халықаралық байқаулардың лауреаты Айдос Мендалиев дирижерлік жасады. Іс-шара «Ата толғауы», «Көш керуен» күйлерімен ашылып, көрермен тілсіз өнер әлемінің тұңғиығында тербеліп бара жатты. Бәлкім, Нұрғисаның «Отырар сазы» оркестріне жан ұшыра дирижер жасап тұрған сәті көз алдарына келген болар. «Куә бол» әнін Сәуле Жуатбекова, «Күндер-ай»-ды Айгүл Есекеева орындаса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков бастаған «Тараз» триосы «Саржайлауды» шыңына жеткізіп шырқады. Оркестрдің орындауындағы «Атадан мұра», «Аңсау», «Махамбет поэмасы» күйлері де көңіл пернесін дөп басқаны анық. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев «Алатау» әнін асқақ сезіммен орындаса, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Әсел Уәшева «Кел, еркем, Алатауыңа!» әнінің бағын ашып, өнердің өресі биік өкілі екенін байқатты. Күйші жігіттер де жеке орындауда шеберліктерін жасырып қалған жоқ. Халықаралық байқаулардың лауреаттары Дидар Басықараев «Баламишканы» ойнақы мәнерде, шебер, жылдам ойнап, домбыраны еркін сөйлетуімен ерекшеленсе, Дулат Байзілдаев «Ақсақ құланды» көз алдыма әкелді. ҚР Мәдениет қайраткері Ержан Рысметов «Көңілді бикеш» күйімен көрермен көңілін бір көтеріп тастады. Кеште күй мен би үйлесім тауып жатты. Рауан Жексенбі орындаған «Аққу» биіне халықаралық байқаулардың лауреаты Гүлнұр Қасымбек керемет биледі. Біздер сахнада аққу жүргендей сезіндік. Ал оркестрдің сүйемелдеуіндегі орындалған, «Әлқисса» күйіне құрылған «Ақкербез» би ансамблінің «Шаттық» биінен шеберліктің қандай болатынын байқадық. ҚР Мәдениет саласының үздіктері Жанатбек Кәдіров орындаған «Өз елім», Оңал Азаматова шырқаған «Жүрегім менің» және Сұлужан Әбенованың орындауындағы «Келе жатыр құс қайтып...» әндері жүректерге жеткені анық. Концерт республикалық байқаулардың лауреаты «Кәусар» вокалдық ансамблінің орындауындағы «Құстар қайтып барады» әнімен мәресіне жетті. Нұрғиса Тілендиев әндері тыңдарманның жүрегіне жақын, көңілдерде жатталып қалған шығармалар. Сондықтан, бұл концертте көрермендердің үлкен әсерге бөленгеніне күмәніміз жоқ.
Есет ДОСАЛЫjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз