дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 13:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тараз әкімдігі қыруар қаржы құйып жатқан «Ұлы дала» ауданын үш жылда өркендете ала ма

Тараз әкімдігі қыруар қаржы құйып жатқан «Ұлы дала» ауданын үш жылда өркендете ала ма
Коллаж: jambylinfo.kz
Қазір бұл шағын ауданда 45 мыңнан астам адам тұрады

Тараз қаласындағы жаңа «Ұлы дала» ықшам ауданында 4 мектеп, 5 балабақша, 1 емхана мен 1 халыққа қызмет көрсету орталығы салынбақ. Алайда, қазір 45 мың адам тұратын шағын аудан үлкейген сайын оның инфрақұрылымы да сын көтермей келеді, деп жазады jambylinfo.kz.

Қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмайылдың айтуынша, қазір әкімдік бюджетінен қыруар қаржы бөлініп, бір жыл ішінде шағын аудандағы жылу, электр, жол мәселесі шешілу керек.

«Ұлы дала» шағын ауданы бастапқыда 60 көпқабатты тұрғын үйге жобаланған. Бірақ, 2021 жылы аумақтағы жер үлкендігіне байланысты бұл жоспар 180 үйге көбейтілген. Алайда, үйлердің санын көбейтер алдында аудандағы жылу, электр қуатын жеткізу мәселесі қайта қаралмаған. Соның салдарынан, ауданның инфрақұрылымында бірқатар күрделі мәселелер туындады. Қазіргі қала әкімі Бақытжан Орынбеков жобаны қайта қарап, 150 үйге азайтқанымен, проблема сол күйінде қалды», - дейді ол.

Ықшам аудандағы басты проблеманың бірі – жылу мен тоқ

Қайрат Исмайылдың сөзінше, Исатай көшесінде орналасқан «РК-4» қазандығынан жүргізілген жылу құбыры 21 метр тереңдікте орналасқан. Сондықтан алып ықшам ауданның ауқымына жүйенің қысымы жетпей, жылу айналымы нашарлаған. Мәселені шешу мақсатында аумақта сорғы станциясы салынып жатыр. Оның құны 626 млн теңге екенін кешегі материалымызда жазған едік. Енді осы сорғы станциясының  2-ші кезеңі аясында 481 метр жылу құбырын кеңейту көзделіп отыр.

«Оны кеңейту үшін республикалық бюджетке 636 млн теңге көлемінде өтінім берілген. Егер қолдау тапса, биыл іске асырылады. Сонымен қатар, электр қуаты толық жету үшін трасформатр салып, кабельдердің қуатын арттыру керек. Жұмыс жүріп жатыр. Алдағы уақытта электр подстанциясын салу да жоспарланған. Ол үшін 6,9 млрд теңге бөлінеді», - дейді Қайрат Исмайыл.

Ауданның халқы қашан жақсы жолға қол жеткізеді?

Әкімнің орынбасары былтыр осы шағын ауданда 5 көше жөнделгенін айтады. Ал, биыл 10 көшеге жол төселе бастайды. Бұл үшін 800 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Соған қарамастар, ауданда тағы төрт көшеге жуық арада асфальт төселмейтіні белгілі болды.

«Өйткені, жылу магистралін салу үшін сол көшелердің асты қазылған. Ал, ауданды абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірледік. Сол құжатқа сәйкес, абаттандыруға 9,5 млрд теңге керек деп көрсеттік. Алайда, бұл қаражат шамамен 3-4 млрд теңге болуы мүмкін. Өйткені бұл қаржыға тал егіліп,  тротуар салынып,  шағын сәулеттік нысандар салынады. Жаяу адамдар үшін тротуарлар дұрыс болуы керек. Қазір тек шағал таспен жасалған. Енді асфальт төселеді», - деді қала әкімінің орынбасары

Әлеуметтік нысандардың құрылысы қашан толық аяқталады?

Қайрат Исмайылдың айтуынша, жалпы шағын ауданда 4 мектеп салынады. Оның екеуі жай мектеп болса, екеуі «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы мектеп. Бұған дейін бұл ауданда бір мектеп пайдалануға берілген, биыл тағы 1 мектеп құрылысы аяқталады.

«Сонымен қатар, 5 балабақша жеке инвестиция есебінен соғылады. Бұдан бөлек, емхана мен халыққа қызмет көрсету орталығы да бой көтереді. Сондай-ақ тұрғындар санын ескере отырып, құны 700 млн теңге болатын облыстағы ең үлкен спорт кешені мен мұз айдыны да осы шағын ауданда салынады. Тәуке хан көшесінің бойында салынатын мұз айдыны жер дауы туындауына байланысты 15 шағын ауданында соғылатын болды», - дей ді Қайрат Исмайыл.

Шағын ауданда мемлекет тарапынан 144 көпқабатты үй салынса, төртеуін жеке компаниялар салады. Бұдан бөлек, 362 га аумақтың ішіне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 255 жеке тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Бірақ, бағаның төмен болуына байланысты құрылысын жүргізетін мердігерлер көп болмады. Бұл бағдарлама тоқтағаннан кейін біз бұл жерлерді кезекте тұрған адамдарға таратып беріп жатырмыз,- деді әкімнің орынбасары.

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар