Тараз әкімдігі қыруар қаржы құйып жатқан «Ұлы дала» ауданын үш жылда өркендете ала ма
Қазір бұл шағын ауданда 45 мыңнан астам адам тұрады
Тараз қаласындағы жаңа «Ұлы дала» ықшам ауданында 4 мектеп, 5 балабақша, 1 емхана мен 1 халыққа қызмет көрсету орталығы салынбақ. Алайда, қазір 45 мың адам тұратын шағын аудан үлкейген сайын оның инфрақұрылымы да сын көтермей келеді, деп жазады jambylinfo.kz.
Қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмайылдың айтуынша, қазір әкімдік бюджетінен қыруар қаржы бөлініп, бір жыл ішінде шағын аудандағы жылу, электр, жол мәселесі шешілу керек.
Ықшам аудандағы басты проблеманың бірі – жылу мен тоқ
Қайрат Исмайылдың сөзінше, Исатай көшесінде орналасқан «РК-4» қазандығынан жүргізілген жылу құбыры 21 метр тереңдікте орналасқан. Сондықтан алып ықшам ауданның ауқымына жүйенің қысымы жетпей, жылу айналымы нашарлаған. Мәселені шешу мақсатында аумақта сорғы станциясы салынып жатыр. Оның құны 626 млн теңге екенін кешегі материалымызда жазған едік. Енді осы сорғы станциясының 2-ші кезеңі аясында 481 метр жылу құбырын кеңейту көзделіп отыр.
Ауданның халқы қашан жақсы жолға қол жеткізеді?
Әкімнің орынбасары былтыр осы шағын ауданда 5 көше жөнделгенін айтады. Ал, биыл 10 көшеге жол төселе бастайды. Бұл үшін 800 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Соған қарамастар, ауданда тағы төрт көшеге жуық арада асфальт төселмейтіні белгілі болды.
Әлеуметтік нысандардың құрылысы қашан толық аяқталады?
Қайрат Исмайылдың айтуынша, жалпы шағын ауданда 4 мектеп салынады. Оның екеуі жай мектеп болса, екеуі «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы мектеп. Бұған дейін бұл ауданда бір мектеп пайдалануға берілген, биыл тағы 1 мектеп құрылысы аяқталады.
Шағын ауданда мемлекет тарапынан 144 көпқабатты үй салынса, төртеуін жеке компаниялар салады. Бұдан бөлек, 362 га аумақтың ішіне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 255 жеке тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Бірақ, бағаның төмен болуына байланысты құрылысын жүргізетін мердігерлер көп болмады. Бұл бағдарлама тоқтағаннан кейін біз бұл жерлерді кезекте тұрған адамдарға таратып беріп жатырмыз,- деді әкімнің орынбасары.
Мағжан Орынбасар