Таразда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 22 қараша, 2024
- 339
Жамбыл облысында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рықұловтың 130 жылдығына орай «Ұлық тұлға» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ауқымды шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, зиялы қауым өкілдері, шетелдік ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.
Іс-шараның шымылдығы Тұрар Рысқұловтың қайраткерлігі туралы бейнеүзікпен түрілді.
Бұдан соң құрметті қонақтар президиумға жайғасып, жиынды бастады. Конференцияны ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай жүргізіп отырды.
Басқосуда алғаш болып Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
– Тұрар Рысқұлов – мемлекеттілігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Күрделі кезеңде ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, талай игі бастамаға ұйытқы болды. Нәубет жылдары халықты аштықтан құтқаруға атсалысты. Қазақтың біртуар перзенті еліміздің егемендігі, түркі жұртының азаттығы жолында табанды күрес жүргізді. Бауырлас халықтардың ынтымағы мен ұлт мүддесі үшін аянбай еңбек еткен тұлғаларды ұлықтау және сол арқылы өскелең жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет, — делінген Президенттің құттықтау хатында.
Облыс әкімі қасиетті Әулиеата топырағында Тұрар Рысқұлов табанының ізі қалғанын жоғары бағалап, жамбылдықтар ұлт қайраткерімен мақтанатынын айтты. Ардақты азаматтың жасампаз идеялары мен жарқын істері бүгінге дейін ел игілігіне қызмет етіп келе жатқанына назар аударды.
– Өткен ғасырдың халық үшін қиын кезеңдерге толы болғаны белгілі. Қилы заман өз батырларын, тұғырлы тұлғаларын қалыптастырды. Сол дәуірден түлеп ұшқан асыл перзенттің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов болатын. Тұрар Рысқұлов есімінің ел тарихында алар орны ерекше. Оның қоғам өмірінде атқарған істері, күрескерлік рухы – көпке үлгі. Дана халқымыз «Өткенді білмей, келешекті болжау мүмкін емес» деген. Бұл ретте Тұрар Рысқұловтай қайраткердің ерлік істерін бүгінгі жас ұрпаққа таныту баршамыздың парызымыз деп санаймын. Өйткені, бүгінгі буын ел іргесінің берік болуына, халық бірлігінің сақталуына ықпал еткен ерен тұлғаларды білуге міндетті, – деп сөзін түйіндеген облыс әкімі Тұрар Рысқұловтың тарихтағы алар орнын айшықтауға бағытталған басқосуға қатысқан қонақтарға алғысын білдірді.
Келелі конференцияда зиялы қауым өкілдері мен тұрартанушылар келелі пікір мен ойлы ұсыныстарын мінберде тұрып жеткізді.
– Рысқұлов – озық ойымен қыруар іс жасаған тарихта сирек кездесетін нағыз мемлекетшіл тұлға. Біз Тұрардың рухани мұрасын, оның шыққан биігі мен әлеуетін бағалап, насихаттауымыз керек. Ол туралы әлі айтылмаған ақиқат, жазылмаған дерек көп. Тұрар болашақ ұрпақ үшін керек! – деп баяндамасын ұсынған белгілі экономист, қоғам қайраткері Оразалы Сәбден Тұрартану ғылыми-зерттеу институтын құру идеясын ұсынды.
– Тұрар Рысқұлов – қазақ елінің ғана емес, түбі бір түркі халықтарының қайраткері, – деген Қырғыз Республикасы білім беру ісінің үздігі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Доолотбек Сапаралиев түркі тұтастығын армандаған тұлғаның маңызды қадамдарын жіпке тізді.
Қоғам қайраткері, тұрартанушы ғалым Мұхтар Қазыбек Тұрар Рысқұловтың өмір жолын төрт кезеңге бөліп қарап, оның ерік-жігері, ойлау жүйесі, батылдығы мен басқару стилі дәл қазіргі алмағайып заманда өзекті әрі қажетті екенін алға тартты. «Тұрардың асыл мұралары өміршеңдігін ешқашан жоғалтпайды», – деді ол.
Сондай-ақ конференцияда М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма төрағасы - ректор Мұхтар Байжұманов, ақын, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рахметұлы, журналист, тұрартанушы Мейрамхан Жәпек, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Сейдехан Бақторазов сөз сөйледі
Студент жастар спикерлердің тың деректерінен тағылым алып, Тұрар Рысқұловтың өнегелі өмір жолы, халқына, ұрпағына қалдырған мол мұрасына көз жүгіртті.
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024