дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 13:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Тараз - қауіпсіз қала». Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстың алдын алу бойынша жұмыстардың нәтижесі бар

«Тараз - қауіпсіз қала». Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстың алдын алу бойынша жұмыстардың нәтижесі бар
фото - ашық дереккөзден
Бұл туралы облыс прокуроры айтты

Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен «Тараз – қауіпсіз қала» жобасын іске асыру бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қалалық мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабай мен бөлім басшылары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Әуелі сөз алған Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев жоба шеңберінде уәкілетті орган тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижесін баяндады.

Келесі кезекте шаһар басшысы аталған жоба аясында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

– Жобаның жасөспірімдер қылмысының алдын алу, жастар арасындағы құқықбұзушылық, есепте  тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыс жүргізу, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс бағыттары бойынша бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері жалпы қылмыстардың өсуіне жол берілмеді.

Бүгінде Тараз қалалық полиция басқармасының профилактикалық есебінде 172 кәмелетке толмаған жасөспірім тұр. Осы орайда, шаһардағы мектептерге прокуратура және әкімдік қызметкерлері құрамынан бекітілген мобилдік жұмыс тобы тарапынан есепте тұрған балалармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ ағымдағы жылдың басынан бері жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу мақсатында 29 512 оқушыдан сауалнама алынса, 34 841 оқушының қатысуымен 149 кездесу ұйымдастырылды. Бұған қоса 41 жайсыз отбасының үй-тұрмыстық жағдайлары зерделеніп, онда тәрбиеленіп жатқан балалардың жазғы демалысы мен қауіпсіздіктеріне бақылау жасалады.

Қалалық білім бөлімі тарапынан жыныстық сипаттағы қылмыстардың жасалу қауіпі бар 57 нысанның тізімі құрылды. Жергілікті полиция қызметі тарапынан бұл аймақтар тұрақты патрульденуде. Осындай ілкімді істердің нәтижесінде 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қылмыстардың жалпы саны 13,2 пайызға төмендеді. Оның ішінде ұрлық 20,2, ұялы телефондарды қолды қылу 39,6, қоғамдық жерлерде жасалған заңбұзушылықтар 8,7, есірткімен байланысты қылмыстар 15,4 пайызға азайды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы алдағы жоспарларды да тілге тиек етті.

Оның айтуы бойынша жобаны әрі қарай жетілдіру мақсатында қала тұрғындарының жергілікті атқарушы органдарға, құқық қорғау органдарына деген сенімін халықпен кездесулер өткізу арқылы 65 пайызға арттыру, профилактикалық іс-шараларды көбейту арқылы қала аумағындағы қылмыс деңгейін 5 пайызға төмендету, халықтың мәселелерін шешудің жеделдігі және мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне шағыммен жүгінгендердің санын 10 пайызға азайту және жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, олардың құқықтық сауаттылығы мен мәдени құндылықтарын арттыруға бағытталған жұмысты күшейту көзделген.

Басқосу соңында барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдарға құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес және өзара іс-қимылды ұйымдастыру бағытында жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар