Таразда «Мамандық таңдау – маңызды қадам» атты мамандықтар жәрмеңкесі өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 30 мамыр, 2025
- 293

Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының» ұйымдастыруымен «Мамандық таңдау – маңызды қадам» атты мамандықтар жәрмеңкесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шара аясында өңірдегі колледждер мен кәсіптік білім беру ұйымдары өздерінің білім беру бағдарламаларын, мамандықтар тізімін, оқу шарттары мен болашақ мүмкіндіктерін таныстырды.
Қатысушылар білім саласының тәжірибелі мамандарымен, педагогтарымен, студенттерімен еркін форматта әңгімелесіп, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап ала алды.
Мамандықтар жәрмеңкесіне Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшылығы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының директорлары, оқытушылар, оқушылар мен студенттер қатысты. Бұл – жастардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға ықпал ететін маңызды платформаға айналды.
Жәрмеңке қорытындысы бойынша қатысушылар мамандық таңдау – жай ғана оқу орнын таңдау емес, бұл – өмірлік жолды, өзінің болашақ орнын анықтау екенін терең түсінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастарға өз әлеуетін толық танып, болашаққа сеніммен қадам жасауына үлкен серпін береді.