
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарасты әскери ансамбль қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ашық аспан астындағы концерттік бағдарламасын ұсынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кештің шымылдығы әуезді әскери маршпен ашылып, көрермендер шекара сарбаздарының сергек рухын бірден сезінді. Көк тудың астында шырқалған әндер мен жүрекке жеткен патриоттық композициялар жиналған жұртты бейжай қалдырмады. Тыңдарман қауым ансамбль мүшелерінің кәсіби шеберлігіне тәнті болып, әрбір нөмірді зор ықыласпен қабылдады.
Ансамбль репертуарында Отан, бейбітшілік, ерлік пен ел тыныштығы туралы шығармалар кеңінен орын алды. Осы арқылы шекарашылар өз қызметінің тек шекара күзеті ғана емес, ел рухын көтеріп, болашаққа сенім ұялататын маңызды миссия екенін көрсетті.
Кешке ардагерлер, жастар, қала тұрғындары мен қонақтар көптеп жиналды. Олар шекара қызметкерлерінің өнерін ерекше құрметпен тамашалап, рухтанып қайтты. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін бұл кеш жауынгерлік рухты сезінудің, патриоттық тәрбие алудың жарқын мүмкіндігіне айналды.