Тараздағы ең үлкен саябаққа республикалық тазалық акциясы аясында тал көшеттері егілді
Биыл «Ұлы дала» шағын ауданында 5000-нан аса көшет отырғызу жоспарланған
Бүгін Таразда Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында экологиялық шара өтті. Іс-шара барысында шаһардағы ең үлкен саябақта 3600 көшет егілді, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Іс-шарада аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жергілікті жұртпен бірге тал көшеттерін екті. Игі іске қала жастары да атсалысты. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтың сөзінше, қазір шаһар тазалығын сақтауға тұрғындар да бей-жай қарамай, сенбілікке қатысқан. Ал, «Ұлы дала» шағын ауданында бой көтерген шаһардағы ең үлкен саябақты абаттандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл мұнда 8-9 түрлі 5000-нан аса тал көшеттері отырғызылмақ.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев биыл Жамбылда тазалық-санитарлық шараларды өткізуге 10 миллиардқа жуық қаржы бөлінгенін айтты. Нәтижесінде бүгінге дейін 3 мыңға жуық көше тазаланған.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы басталды.