"Биыл13 спорт нысаны ел игілігіне беріледі": Жамбылдағы спорт саласының мәселелері облыстық мәслихаттың сессиясында талқыланды
- авторМағжан Орынбасар
- 28 наурыз, 2024
- 564
Облыста спорт саласына көңіл бөлмейтін аудандар бар. Тіпті олар соңғы 3 жылдың ішінде құрал-жабдыққа қаржы қарастырмаған. Ал, Тараз қаласындағы мектептер бір реттік допты қымбат баға сатып алған. Салдарынан сапасыз бұйым тез бүлініп, олқылықтың орнын қарапайым ұстаздар қалтасынан қаржы шығарып толтырып жүр. Бұл туралы облыстық мәслихаттың 10-шы сессиясында айтылды.
Сессияда мәслихаттың экономика, бюджет, салық, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Фарида Жүнісова биыл облыста жасалған зерделеу жұмыстарының нәтижесін айтты. Ол өз сөзінде бірқатар мәселеге назар аудартты. Мәселен, облыста спорт залы жоқ, болған күннің өзінде жөндеу көрмеген жүдеу мектептер орналасқан аудандарды атады. Ал, облыс орталығында дене шынықтыру сабағының мұғалімдері басшылардың берекесіз тірлігінен қажетті құрал-жабдықтарын өздері сатып алып жүр. Осылай деген Фарида Жүнісова спорт саласындағы жөндеу көрмеген ғимараттардың қазіргі жағдайын айтып өтті.
"Тараз қаласы мен аудандарда орналасқан 10 спорт ғимараты күрделі жөндеуді, 10 спорт ғимараты жөндеуді қажет етеді. Осы спорт нысандар қолданысқа берілгеннен бері жөндеу көрмеген. Мәселен, аты әйгілі Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайының төбесінен су өтіп, еденге төселген қымбат төсеніштерге қауіп төндіріп отыр. Одан бөлек ғимараттың жылу мәселесі де сын көтермейтін жағдайда. Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының тозығы жетсе, ыңғайластырылған ғимараттағы асханасы санитарлық талапқа сәйкес келмейтіні анықталды,- деді Фарида Жүнісова.
Сонымен қатар, дене шынықтыру және спорт басқармасына бағынысты кейбір спорттық мекемелер жылдар бойы заманауи жабдықтарға қолы жетпей келеді. Жауаптылар да бұл мәселеде құлықсыздық танытатын көрінеді. Комиссия төрайымы қазір аталған мекемелерді 160 компьютер жиынтығымен қамтамасыз етуге 63 миллион теңге керектігін айтты. Сондай-ақ тағы бір мәселе - облыстағы жастар арасында қысқы спорт түріне қызығушылық танытатындар аз.
"Бүгінгі күні ауыл балаларының басым көпшілігі қазақ күресі, еркін күрес, бокс сынды жекпе-жек түрлеріне ынтызар болса, керісінше қысқы спорт түрімен айналысуға құлықсыз. Қысқы спорт түрінің насихатталуына білікті жаттықтырушылардың болмауы кері әсер етуде. Балаларды командалық қысқы спорт түрімен айналысуға жұмылдыру үшін спорт кешендері мен мұз айдындарын салуды қолға луымыз керек,- деді Облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, салық, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы.
Ал, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жолдасбековтің айтуынша, биыл Талас, Жуалы аудандарында екі спорт кешенінің құрылысы басталады. Сонымен қатар, 13 спорт нысаны ел игілігіне беріледі. Осылайша облыс тұрғындарының спорттық инфроқұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 64,9 пайызға жетеді.
"Өткен жылы спорт басқармасына бағынысты 16 спорт ұйымына 169 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл спорт саласының шығындарына 15 млрд қаржы бөлінді. 2023 жылы бұқаралық спортты дамыту үшін спортты жан басына қаржыландыру қағидаларына сәйкес, мемлекеттік тапсырыс енгізу арқылы бюджеттен 930 миллион теңге бөлініп, 4-17 жас аралығында 8100 бала мен жасөспірімдерге 19 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік берілген",- деді Нұржан Жолдасбеков.
Жамбыл облысы әкімдігіндегі басқармалардың саны азайды
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024