Тараздағы әскери бөлімде сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 11 ақпан, 2025
- 356

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінің саптық алаңында салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Салтанатты рәсімде Қазақстанның екі қаласы мен төрт облысынан жиналған 300-ден астам жас сарбаз Отанына адал қызмет етуге серт берді.
Бұл күн – жас сарбаздар үшін ғана емес, олардың ата-аналары мен жақындары үшін де ерекше тарихи сәт. Ант қабылдау – әрбір жауынгердің әскери өміріндегі маңызды қадам, оның Отан алдындағы жауапкершілігін айқындайтын қасиетті рәсім.
Рәсім барысында әскери бөлім командирі полковник Кәдірдек Ғазиз жас сарбаздарды құттықтап, олардың әскери қызметтегі алғашқы маңызды қадамына сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде Ұлттық ұлан жауынгерлері – ел тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі екенін ерекше атап, Әскери ант – бұл жай ғана сөз емес, әрбір жауынгердің жүрегінен шыққан серті, Отан алдындағы бұлжымас міндеті. Бұл – сарбаздың өз елінің, туған халқының тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға берген қасиетті уәдесі.
Отанға адал болу – нағыз ер азаматтың қасиетті парызы!”-деп жас сарбаздарға ағалық ақылын айтты.
Әскери бөлімнің ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Дүйсембиев Акайдар болашақ жауынгерлерге өз білімі мен тәжірибесінен сыр шертіп, әскери қызметтің қадір-қасиетін түсіндірді. Ол сарбаздардың әрбірі өз міндетін абыроймен атқарып, ел үмітін ақтайды деген сенім білдірді.
Бұл айтулы күнде сарбаздардың ата-аналары да жүрекжарды лебіздерін білдірді. Қатардағы жауынгер Нұрдаулет Орынбасар Ермекұлының атасы Маусым Оңғар немересінің және оның қатарластарының ант қабылдағанын мақтанышпен атап өтіп, жастардың ел қорғанына айналатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, жас сарбаз Қалдыбай Нұржеңіс Ғалымжанұлы өз қатарластары атынан сөз сөйлеп, ата-аналары мен командирлерінің сенімін ақтауға уәде берді. Ол Отанға адал қызмет ету – әрбір сарбаздың ең басты парызы екенін айтып өтті.
Ант қабылдаған сәттен бастап, жас сарбаздар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, әскери борышын адал өтеуге, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға міндеттеледі. Бұл – олардың ересек өмірге, жауапкершілік пен тәртіпке бастайтын маңызды белесі.
Жас сарбаздардың ата-аналары балаларының осындай жауапты міндетті қабылдап, ер азамат ретінде шыңдалуына ерекше қуанышты екенін жеткізді. Бұл күн олардың жүректерінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Салтанатты шараны “Жамбыл” телеарнасы мен “Әулиеата медиа” ақпарат агенттігінің тілшілері түсіріп, халыққа кеңінен насихаттады. Олардың көмегімен бұл маңызды шара жайлы бүкіл Жамбыл жұртшылығы хабардар болды.
Ант қабылдау – кез келген әскеридің өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі. Бұл сәттен бастап ол тек өзіне емес, тұтас мемлекетке жауапты болады. Жауынгер өз антын орындауға серт береді, елінің мүддесін бәрінен жоғары қояды, әскери жарғыны бұлжытпай орындайды.
Әскери ант – ерлік пен адалдықтың символы. Ол сарбазды тек қару ұстауға ғана емес, шынайы батылдыққа, тәртіпке, бірлікке тәрбиелейді. Ант берген күннен бастап жауынгерлер Отан үшін, халқымыздың бейбіт өмірі үшін күресуге, қажет болса, жанын аямай қызмет етуге дайын болады.
Осыдан бастап әрбір сарбаздың жүрегінде бір ғана мақсат тұрады – Тәуелсіз Қазақстанның тыныштығы мен тұтастығын сақтау. Әскери ант – бұл сарбаздың өмірлік қағидасы, оның ерік-жігері мен намысының айғағы.
Әскери ант – жай ғана рәсім емес, нағыз патриотизмнің көрінісі. Бүгін Отан алдында адал қызмет етуге серт берген 300-ден астам жас сарбаз еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында үлкен міндет жүктеп отыр. Олардың әрқайсысы өз халқына, мемлекетіне және әскери антына адал болып, ел сенімін ақтайды деп сенеміз! Отанға адал қызмет ету – әрбір ер азаматтың қасиетті парызы!