жұма, 19 желтоқсан, 2025 19:03

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда жас ақын Қанатбек Санжардың әдеби - сазды шығармашылық кеші өтті

Таразда жас ақын Қанатбек Санжардың әдеби - сазды шығармашылық кеші өтті
Фото - ашық дереккөз
Сонымен қатар «Жарық дүние» атты кітабы таныстырылды

Тараз төрінде Жамбыл облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен Қанатбек Санжардың әдеби - сазды шығармашылық кеші мен «Жарық дүние» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл кеш поэзия мен әуенді, рух пен жігерді, өнер мен өмірді тоғыстырған тағылымды рухани басқосуға айналды. Кеш шымылдығы нәзік саксафон әуенімен ашылып, ақынның өз өлеңімен жалғасты. Сахнадағы алғашқы сәттен-ақ көрермен жүрегін тербеген бұл кеш жас қаламгердің ішкі жан дүниесін, шығармашылық болмысын тереңінен танытты.

Қанатбек Санжар – Тараз топырағынан түлеп ұшқан, өз үні мен дара қолтаңбасы бар, поэзия мен спортты қатар алып жүрген ерекше тұлға. Кеш барысында ақынның өмір жолы, шығармашылық ізденісі, спорттағы жетістіктері кеңінен сөз болды. Айта кетерлігі, Санжар – пара пауэрлифтингтен бірнеше дүркін Қазақстан және әлем чемпионаттарының жүлдегері. Бұл – оның қайсарлығы мен табандылығының айқын көрінісі.

Кешке арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер, журналистер, мәдениет саласының қызметкерлері жас ақынға жылы лебіздерін білдірді. ҚР Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының өкілі, ақын Хамит Есаман, айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов, журналистер Эльмира Мырза-Ғали, Қамар Қарасаева, Есет Досалы және басқа да қонақтар Санжардың шығармашылығына жоғары баға берді.  Кештің әсерлі сәттерінің бірі, әрі тосын сыйы – Санжардың «Қиын екен» өлеңіне жазылған әннің орындауы болды. Әнді нақышына келтіріп орындаған айтыскерлерлер орталығының қызметкері, әнші композитор Айнаш Бейсен. Сонымен қатар, «Ақберен» үйірмесінің жас өрендері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жас термешілердің орындауындағы термелер кештің рухани салмағын арттыра түсті.

Шара барысында оқырмандар мен көрермендер ақынға өз сауалдарын қойып, ашық сұхбат форматында ой бөлісті. Бұл – кештің басты ерекшеліктерінің бірі болды.  Кештің шарықтау шегі – Қанатбек Санжардың «Жарық дүние» атты кітабының, оның Брайль қарпіндегі нұсқасының және арнайы дайындалған аудиокітабының тұсаукесері. Бір мезетте үш бірдей форматтағы кітаптың жарық көруі – инклюзивті мәдениеттің жарқын көрінісі. Тұсаукесер рәсімін ақын Хамит Есаман, Брайль қарпіндегі нұсқаның екінші авторы Ербол Бегимов және ақынның жақындары жүзеге асырды. Аудиокітаптың ерекшелігі – QR-код арқылы смартфоннан тыңдауға мүмкіндік берілуінде. Бұл зағип және нашар көретін оқырмандар үшін үлкен қолжетімділік тудырып отыр. Шара соңында сөз сөйлеген қонақтар бұл кештің тек бір ақынның шығармашылығын таныту емес, жігер мен рухты, еңбек пен үмітті дәріптейтін тағылымды кеш болғанын атап өтті.Кеш ақынның авторлық әнімен қорытындыланды. Өлең мен әуен, сезім мен сенім астасқан бұл рухани жүздесу көрермен көңілінде ұзақ сақталары анық.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар