жұма, 19 желтоқсан, 2025 17:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Биыл Таразға 56 мыңнан аса турист келген

Биыл Таразға 56 мыңнан аса турист келген
Фото: Алтынбек Қартабай
«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Кездесу барысында шаһар басшысы қалада жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталып, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Әкімнің айтуынша, қаңтар–қазан айларының қорытындысы бойынша Тараз қаласында бірқатар салаларда оң өсім байқалған.

Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 570,2 млрд теңгеге, негізгі капиталға салынған инвестиция 171,0 млрд теңгеге, құрылыс жұмыстары 76,1 млрд теңгеге, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 21,8 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар бөлшек сауда айналымы 325,5 млрд теңгені құраса, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 325,9 мың шаршы метр болған.

– Экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тартуымыз қажет. Есепті кезеңде 17,1 миллиард теңгеге 12 жоба іске қосылып, жыл соңына дейін тағы 5,4 миллиард теңгеге 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалардың аясында 484 жаңа жұмыс орындары құрылады.

Облыс орталығында 28 туристік ұйым, 123 орналастыру орны, 12 туристік нысан бар. Аталған нысандар инфрақұрылыммен толық жабдықталған. 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысымен қалаға келген туристер саны 56 411 адамды құрап, көрсеткіш 12,2 пайызға өсіп отыр. Ішкі туристер саны – 55 400, шетелден келген туристер саны – 1 011 адам. Қаңтар-қазан айларының қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 18,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 22,9 пайызға өскен. Сондай-ақ туризм саласында құны 9,4 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жоспарланып, оның екеуі іске асырылды, біреуі жыл соңына дейін, тағы біреуі 2026 жылдың қазан айында пайдалануға берілетін болады. Өткен жылдың 27-28 қыркүйек аралығында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III халықаралық қолөнершілер фестивалі ұйымдастырылып, кең көлемде атап өтілді. Республика көлемінде Тараз қаласы алғашқы болып Дүниежізілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді. Фестивальге алыс және жақын 12 шет мемлекеттен қолөнершілермен қатар халықаралық қолөнершілер қауымдастықтары, халықаралық сарапшылар, туризм саласына қатысты мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым өкілдері қатысты. Туризмді дамыту мақсатында биыл «Тектұрмас» кешенінде «Көне қамал» қорғанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы шағын және орта бизнестегі жетістіктер жайын баяндады.

Қаңтар-қазан айының қорытындысымен Тараз қаласында жалпы 49 867 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде шағыны – 7 494, орта кәсіпкерлік нысан – 50, жеке кәсіпкерлер саны 40 420 болса, 1 903 шаруа қожалық бар. Тіркелген субъектілердің 44 442-сі бүгінде нақты жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында 50 орта кәсіпкерлік, 37 034 жеке кәсіпкерлік және 1 699 шаруа қожалығының жұмысы ырғақты. Ал 5 425 кәсіпкерлік субъектісі қазіргі уақытта жұмыс істемейді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жаңадан тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандар 5 981-ге артыпты. Биыл 76 683 тұрғын шағын және орта кәсіпкерлік арқылы жұмыспен қамтылса, өндірілген өнім көлемі 400,8 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ «Бірыңғай кешенді» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы Тараз қаласы бойынша 19,8 миллиард теңгеге 131 жоба қаржыландырылған екен. Пайыздық ставкаларды субсидиялау тетігімен 7,6 миллиард теңгеге 31 жоба, «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы арқылы 3,3 миллиард теңгеге 72 жоба кепілдендірілген көрінеді. «Өрлеу» бағдарламасы аясында 4,7 миллиард теңгеге тағы 28 жоба қаржыландырылды.

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар