Тараздықтар «Dem» театрының «Түн» қойылымын тамашалады
- авторМағжан Орынбасар
- 8 қазан, 2024
- 367
Тараздықтар «Dem» театрының «Түн» қойылымын тамашалады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Өнер — кеңістіктің кең тынысын өзегіне сіңіріп, уақыттың сыр-сипаты мен түрленген болмысына бағдар жасай алатын жалғыз тылсым. Кейде адам өзінің талайлы тағдыры арқылы өнердің өне бойына нәр беріп, өзегіндегі көркем құбылысқа айналып бара жатқанын болжай алмайды. Кез келген өнердің негізгі нысаны — адам және тіршіліктегі сан түрлі құбылыстар. Ал біз күні кеше ғана Жамбыл облыстық драма театрының сахнасынан тамашалаған «Dem» театрының «Түн» қойылымы осы құбылыстарды жамбылдық көрерменнің алдына «жас театрдың жаңа үнімен» ұсынғанына куә болдық.
Театр, Атабаевша айтқанда — дербес өнер. Оған бүгінде әдебиет ретінде қарап, негізгі табиғатын түсіне бермейтіндер аз емес. Бұл ретте «Dem» театрының өнердің киелі табалдырығынан ешбір именусіз, алшаң аттаған алғашқы қадамын эксперименталды абсурд жанрдағы шығармамен бастағанын ақ аңғардық. Бұл дербес өнер алдындағы әсіре сенімділік, жастық максимализм деп бағалайын десек, ұсынған шығарманың өне бойынан мұның иісі де байқалмайды. Әсіре асқақтау жоқ. Салқынқанды суреттеу, байыпты баяндау, сөйте тұра ащы мысқыл, көрерменді еріксіз иландыратын, жаныңды шырқырататын шындық жатқандай. Дегенмен де жастардың жеке театр ретіндегі бұл қадамдарын тұтас өнердегі сәтті эксперимент деп бағалауға әбден болады.
Жас театрдың құрамы алғашқы қойылымдарына қазақ әдебиетінің керқұласы Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» шығармасын «Түн» деген атаумен арқау етіпті. Бір қарағанда шағын ғана новелла болып көрінгенімен, шығарманы ыждаһатпен оқыған адам оның өзегіне жасырған негізгі мәнін әшкерелемей қоймайды. Қойылым осы мәнді театр тілінде ұғындырады және шығарма жазылған дәуір мен бүгінгі кезең арасындағы паралелльдерді дәл болжап, тосын суреттеп, оны сахнадағы детальдарды сөйлету арқылы паш етеді.
Қойылым әртістердің сахнадағы ебедейсіз жүрісінен басталды. Көрермен спектакльдегі негізгі оқиға қай жерден басталып кеткенін ұғынған жоқ. Көз алдымызда маңызды бір шараның алдындағы қарбалас болып жатты. Қара шляпі, қара плащ киген, қара дипломат ұстаған, Волков атты кейіпкер бастаған атқамінерлер автобуспен Новостройка ауылының ашылуына жолға шықты. Үш адамнан құралған шенеуніктер көрерменге қара дипломаттарынан қой терісін алып шығып, оны арқаларына жамылып, өзгеше хореографиялық этюд көрсетті. Біз мұның мағынасын кейіннін ұғындық. Бұл атқамінерлер мінген автобусқа жолсыз, жарықсыз, өзінше бөлек жадағай өмір кешіп жатқан Өркен ауылына асыққан Арай мен жаңағы Новостройка кентіне жаңа ауылдың ашылуын баспасөзге жазуға бара жатқан журналист Нұрлан да мінеді. Әрі қарай шығарма автобус ішіндегі Нұрлан мен Арайдың сүйкімді диалогтарымен өрбіп жатады. Арайдың көңілінде күрсініс бар. Сөйлесе келе Нұрлан Арайды қимай қалады. Қыстың қытымыр боранды түнінде қыз баланы аялдамадан жалғыз түсіріп кетуден артық сұмдық не бар?! Бірақ автобус бұларды күтпейді, аптығып барады. Нұрлан қызға қайтар жолда Өркенге келетінін айтып, Алматыға бірге оралуға уағдаласады. Қыз өз ауылының тұсынан түседі де, жігіт әлгі ауылға редакция тапсырмасымен кете барады. Қорылға басқан атқамінерлермен діттеген жерге жетіп жаңадан ашылған ауылдың жаңа ғимараттарымен, жаңа нысандармен танысады. Шаруасын тындырып, Өркенге Арайды іздеп келгенде күні кеше жадағай ауылдың тұсынан тастап кеткен қимасы түнде қасқырға таланып, ажал құшқанын естиді. Бірнеше сөйлеммен баяндап өте шыққанымызбен дәл осы аралықта қойылым режиссеры көрерменге ұсақ детальдар арқылы сан түрлі ой тастайды. Алматы мен Новостройка арасындағы жолды беттеп шыққан автобус — өмірді бейнелейді. Жаңа ауылдың ашылуына аттанған атқамінерлер — шығармадағы негізгі антоногистер. Қойылым басындағы үшеуінің дипломатқа таласқан этюді — жадағай жатқан, өзімен өзі мимырт тірлік кешкен сусыз, жарықсыз, жолсыз ауылды үнемі елеусіз қалдырып, түбі көрінбейтін қалтаның қамымен Новостройкаға керекті, керексіз мекемелер салып, жұртты қанап, мансап жолында талайдың тағдырымен ойнап кететін кәдімгі тойымсыз шенеуніктердің бүкіл болмысын боямасыз береді. Әсілінде Арайды талап кеткен азулы қасқырлар — осылар. Автобустан түскенде Нұрлан Арайдың қолына «қажетіңе жарайды» деп сіріңке қорабын ұстатады. Қап-қараңғы, аяз қарып, боран түтеп тұрған иен далада туған үйіне жол іздеген қыз сіріңкені қайта-қайта тұтатып, шарасыз күй кешкенде қанға бөгіп, таланып өледі. Ал оны өлтірген — қасқыр қоғам, аяусыз атқамінерлер. Бұл дүниеден таза күйінде кеткен арудың ақ арманы қызыл қанға боялып, көкірегі шерге толып аттанып кетті. Шын мәнінде Арай — жиынтық образ, әлжуаз, қорғансыз, келешегінен ешқандай үміт күтпейтін қор болған қоғам. Жазушылар көп жағдайда шарасыз ғұмырды әйел бейнесінде беретіні белгілі нәрсе. Ал атқамінерлердің ішіндегі ірісі боп жүрген кейіпкердің есімі Волков болуы да тегін емес. Төбеде ілініп тұрған чемодан немесе дипломаттар өмір атты ұзақ сапарда адамдардың мансап, байлық сынды баянсыз дүниелерге деген ұмтылысы. Арасында жабық тұрған чемоданды өлім құшқан Арайдың бетіне жабу — мансап түбінде адамның моласына айналатынын, айдаладағы төмпешік болып қана қалатынын ұғындыру деп түйдік. Мына жалғанда жанталасып жүріп қандай дүние жисаң да бәрі ертең қу төмпешік болып қу молаға айналытынын әспеттеген. Дәл осы сәттің алдында Нұрлан өзі іздеп келген Арайдың өліміне сенбейді. Жансыз денені қайта-қайта түртіп «жүр, Алматыға бірге кетеміз деп едік қой» деп қимасының өлімін мойындамайды. Атқамінерлер де Арайдың өлімінен бейхабар, қалталарының қампайғанына риза болысып, жаңа ауылдың ашылуын тойлап жатады. Бұл — бүгінде өлімнен мән кеткенін, бір үй қара жамылып отырса, келесі үй шат-шадыман думандатып жататынын, қазақтың ұзақ жылдар бойғы қасіреті бойында булығып, сыртқа шықпай келгенін бейнелейтін көрініс. Новостройканың жаңа ғимараттарын көтеру үшін, бүтін бір ауданды қыс бойы бет көтертпес боранмен алысып жүріп баққан малымен асыраған қарапайым ауыл тұрғындарының айдалада елеусіз қалып, есепсіз өліп жатқанын жеткізеді. Көрермен «қойылым басталды ма, басталмады ма?» деп екіұдай күй кешіп отырғанда сахнада Арайдың әкесі: «Биыл қыс қатты, қызым. Ит-құс көп, жаңа жылдық демалысыңды пайдаланып, мұғалімдеріңнен бірер күнге сұранып келіп қайт, сағындық» деген мазмұнда хат жазып отырады. Осы хат сіріңке қорабында көрермендер отырған әр орындыққа қойылды. Бұл деталь арқылы режиссер көпшілікке ата-анамыздың бізді үнемі ошағынан оты сөнбейтін, түтіні түзу шығатын жылы үйімізде сағына күтіп отыратынын айтқысы келгендей. Сонымен қатар, қойылым басталған сәттен бастап сіріңкенің деталь ретінде жиі пайдаланылғанын аңғарамыз. Мұны режиссер Ерасыл Битанов: «Режиссер шырпыны жағып ортаға шығып, залға жарық берген соң сол шырпыны Нұрланға береді, Нұрлан ол шырпымен чемоданының жыртығын жапсырады, одан Арайға береді, Арай қасқырдан қорғану үшін сол шырпыны жағады, ол алақанында қалады. Оны Нұрлан қайтадан алады да, режиссерге береді. Ондағы ой: «Арайдың енді шырағы сөнді, көрермен, осы шырпыны ала кетіңіздер, шырақтарыңызды сөндіріп алудан абай болыңыздар» деген ой. Басындағы ой тамызық, соңындағы шешім арқылы әу бастағы сахнадағы ойды түйіндеу» деп тәпсірледі.
Ұқсас жаңалықтар
Қордай ауданы мешіт салу бойынша көш бастап тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024