Тыныштықты күзеткен – учаскелік полиция
Қоғамның тыныштығы, халықтың қауіпсіздігі – аса маңызды міндет. Осынау абыройлы да жауапты міндет жолында тәртіп сақшылары күш-жігерін аянбай, ел алдындағы антына адалдық танытуда. Білім мен білек, сабыр мен төзім, қажыр-қайратты бойына сіңірген олар азаматтармен тіл табысуда маңызды рөлге ие. Осындай талап үдесінен шығып жүргендердің бірі – аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Нұржан Жұмалиев.
Шен тағып, шекпен киген жас жігіт 1990 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Бүгінде «үшінші мегаполис» атанған алып шаһардағы негізгі орта мектепті, кейінірек гуманитарлық-этнопедагогикалық мектеп-гимназиясын тәмамдайды. Ал 2009 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжіне «құқықтану» мамандығына оқуға қабылданады. Уақыт өте Ақтау қаласындағы №25744 «Теңіз жаяу әскері» әскери бөлімінде азаматтық борышын өтейді. 2011 жылы Шымкент қаласындағы Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтында оқуын жалғастырып, оны 2014 жылы «құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын Жамбыл облысы полиция департаментінің Тараз қалалық жол патрульдік полиция батальонының полицей болып бастайды. 2015 жылдың қаңтар айынан бастап аудандық полиция бөліміне учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалады.
- Тәртіп сақшысы болуды бала кезден армандадым. Сол мақсат жолында білім алдым. Жалпы, полиция болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандық. Бұл қызмет - мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, әділдікпен жақтас, жемқорлықпен ат құйрығын кесіскен мамандық. Әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады. Бүгінде Бауыржан Момышұлы ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторымын. Қызметтік міндетімде – құқық бұзушылықтардың рецидивтік, тұрмыстық, алкогольдік қылмыстардың алдын алып, олардың жасалу себептері мен жағдайларын анықтауға күш саламын. Азаматтардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін заңсыз қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз етуге тырысамын. Сондай-ақ, құқық бұзушылықтарды анықтап және жолын кесу, заңнамада белгілеген құзырет шегінде әкімшілік өндірісті және сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді жүзеге асыруда учаскелік инспекторға жүктелген. Бұдан бөлек, әріптестеріммен бірге қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарды құрықтаймыз. Есепте тұрған азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Қоғамдық орындарда масаң күйде жүріп, адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлаған жандарды медициналық ұйымдарға немесе полиция бөліміне жеткіземіз, - дейді полиция капитаны.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Құқықтық тұрғыда сауатты болу – маңызды
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл жаңалықтар
Жамбылда 8 мәдениет нысаны ел игілігіне беріледі
- авторМағжан Орынбасар
- 14 қараша, 2024