бейсенбі, 22 мамыр, 2025 12:46

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Заң мен тәртіп: Жастардың жауапкершілігі мен рөлі

Заң мен тәртіп: Жастардың жауапкершілігі мен рөлі
Фото: ztgzt.kz
Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы көбіне оның заңға бағынуы мен тәртіп сақтау мәдениетіне байланысты. Бұл бағытта жастардың рөлі ерекше.

Осы тақырыпты кеңінен ашу мақсатында біз Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Айбек Кадралиевпен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстар мен жастардың көзқарасына үңілдік.

– Ең алдымен, «Заң мен тәртіп» қағидатының мәні туралы айтып өтсеңіз.

– Заң мен тәртіп – кез келген қоғамның даму діңгегі. Тарихқа үңілсек, өркениетті елдердің барлығы заңға құрметпен қараудан бастаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та өзінің 2024 жылғы Жолдауында осыған ерекше назар аударды. «Заң мен тәртіпке бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз», – деп нақты айтты. Бұл – әр азаматтың, әсіресе жастардың жауапкершілігін арттыратын үндеу.

– Осы бағытта жастармен қандай нақты жобалар жүзеге асырылуда?

– Біз жастармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Соңғы жылдары Полиция департаментімен бірлесіп, бірқатар маңызды шараларды қолға алдық. Соның бірі – «QORGAN» жобасы. Бұл жоба арқылы біз тыйым салынған заттарды заңсыз жарнамалайтын граффити жазуларды өшіру акцияларын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Сонымен қатар «Қоғам сақшысы» жобасы аясында түнгі рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Мақсат – кәмелетке толмаған жастардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне жол бермеу, құқықбұзушылықтың алдын алу.

– Ал құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында қандай шаралар бар?

– Бұл тұрғыда біз оқушылар мен студенттермен кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырамыз. Мысалы, «Заң бәрімізге ортақ», «Қылмыс – қоғам дерті» сияқты тақырыптарда пікір алмасулар өткізіледі. Жуырда ғана «Адалдық – ең биік қасиет!» тақырыбымен TedX форматындағы кездесу өтті. Онда біз адалдық, парасаттылық, әділдік құндылықтарын насихаттап, жастарды жемқорлыққа қарсы мәдениетке тәрбиелеуді мақсат еттік.

– Жастар арасында адалдық пен әділдік жайлы қандай түсінік қалыптасып келеді деп ойлайсыз?

– Қуантады. Жастар арасында соңғы кезде осы ұғымдар үлкен мәнге ие бола бастады. Біз оларға «Адалдық – адам өлшемінің ең биік деңгейі» екенін түсіндіруге тырысамыз. Ұлы Абай айтқандай, «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі». Сондықтан біз жастардың адал жолмен жетістікке жетуін мақсат етеміз. Адалдық бойда болса, әділет те, тәртіп те өздігінен келеді.

– Жастардың қоғамдағы тәртіпті қалыптастырудағы орны қандай деп есептейсіз?

– Орасан зор. Жастар – қоғамның белсенді күші. Олар тек ертеңгі емес, бүгінгі өзгерістердің де қозғаушысы. «Тәрбие тал бесіктен» дейді халық даналығы. Егер жастарымыз тәртіпті, әділетті, білімді әрі принципшіл болса, болашағымыз жарқын. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтқан. Бұл сөз – бүгінгі жастардың ұраны болуы керек.

– Жастарға қандай үндеу айтасыз?

– Құрметті жастар! Біз – Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы тірегі, үкілі үміті, берік қалқанымыз. Заң мен тәртіпке бас иіп, әділдік пен адалдықты серік етсек, біз бағындырмайтын биік болмайды. Таласты жерде таразы бола алатын, даулы жерде дауылпаз бола алатын, текті жерде тектілігін көрсете алатын ұрпақ екенімізді дәлелдейтін сәт келді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар