Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс: адвокат сотталушының бет-жүзінің жария болуына наразы
- авторБақытжан Бекболат
- 15 мамыр, 2025
- 500

Бүгін Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша өткен сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентайдың адвокаты сотқа өтінішхат жолдады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Ақпарат құралдары сот отырысы басталмай тұрып, сотталушыларды түсірмеу керектігі ескертілген. Алайда Дархан Әскентайдың бейнесі ашық жарияланып отыр. Тергеу кезіндегі бейнежазбаларда да беті көлегейленбеген. Видеооператорға ескерту жасауыңызды сұраймын", – деді адвокат.
Бұл мәселеге қатысты судья Ержан Жанұзақов түсініктеме берді. Оның айтуынша, алдын ала тыңдау кезінде сотталушыларға бейнежазбаға түсіруге рұқсат беру-бермеу жайлы сұрақ қойылған.
"Мен сізге түсіндіре кетейін, бұл мәселе алдын ала сот тыңдауында қаралды. Сол кезде сотталушылардан: 'Қайсыңыздың бейнеңізді түсіріп, көрсетуге болады?' деген сұрақ қойылды. Сол кезде төрт сотталушы ғана "Бізді көрсетпеуіңізді сұраймын деп" айтты. Қалған сотталушылар, соның ішінде Әскентай бет-жүзін көрсетуге қарсылық білдірмеген. Сондықтан сот сол сот тергеуі кезіндегі бейнежазбаларды, яғни, қарсылық білдірген сотталушылардың қатысуынсыз жүргізілген бейнежазбаларды көрсетуге шешім қабылдады", - деп түсіндірді судья Ержан Жанұзақов.