сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 7:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жүз жылдық тарихы бар білім ошағы жаңа ғимаратқа көшті

Жүз жылдық тарихы бар білім ошағы жаңа ғимаратқа көшті
ашық дереккөзі
Жүз жылдық тарихы бар білім ошағы жаңа ғимаратқа көшті

Әлем халқына оңай тимеген Тышқан жылы жамбылдықтар үшін де бірқатар қиындықтар туғызғаны рас. Десе де өткен жылға өкпе артпайтын қазақ халқы үшін 2020 жылдың жақсылығы да аз болмады. Карантинге қарамастан өңір өнеркәсібі алға басып, құрылыс қарқын алды. Жыл аяқталар соңғы күннің өзінде өңірімізде бірқатар нысандар ашылып, ел игілігіне берілді. Соның бірі – Тараз қаласындағы ғасырлық тарихы бар №4 орта мектептің жаңа ғимараты.

Алдыңғы жылы ғана 100 жылдық мерейтойын атап өткен білім ошағының әу баста орналасқан ғимараты 1952 жылы толықтай сүріліп, қайтадан салынған. Сол уақыттан бері 70 жылға жуық мерзімде облыс орталығындағы өзбек диаспорасының өкілдеріне ана тілдерінде білім беріп келген мектептің тоза бастағанын ата-аналар қауымы бірнеше рет мәселе етіп көтерген болатын. Нәтижесінде ұзақ жылдар бойы сан толқынды тәрбиелеп шығарған оқу ордасын бұзып, қайта құрылысын жүргізу жайлы шешім қабылданған. Жаңа нысанның ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев та аталған жайтты тілге тиек етіп, ұстаздар мен ата-аналарды заман талабына сай жабдықталған жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. – Мектептің құрылысы жоба бойынша 2020 жылдың мамыр айында басталып, 2021 жылдың наурызында аяқталады деп жоспарланған. Алайда құрылысшылардың табанды еңбегі мен жауапкершілігінің арқасында жұмыс жыл соңына дейін аяқталып отыр. Енді білім сапасын арттыруда осы салада аянбай еңбек етіп жүрген мұғалімдерге иек артамыз, – деді Ержан Жылқыбаев. Келесі кезекте ғимарат құрылысын жүргізген «Бірлік Сервис және КО» серіктестігінің басшысы Алтынбек Букебаев мектеп директоры Сейітхан Тотаевқа білім ордасының кілтін тапсырды. Сонан соң шара қонақтары пайдалануға берілген жаңа ғимаратты аралап көрді. Білім мекемесінің құрылысына 694 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. 180 орынға шақталған мектепте 2 ауысымда 360 оқушы білім алады деп жоспарланып отыр. Мұнда 16 оқу кабинеті, 60 орынға арналған асхана бар. Мәжіліс және спорт залдары да қарастырылған. Салтанатты жиында ата-аналар әкімдікке алғыс білдірсе, мектеп ұжымы оқу ғимаратының ауласын абаттандыру жұмыстарын қолға алатынын айтты.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар