дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 16:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жаңатастағы сел жүрген аумақта тазалық жұмыстары жүргізілді

Жаңатастағы сел жүрген аумақта тазалық жұмыстары жүргізілді
Фото облыс әкімдігінің баспасөз қызметі
Облыс әкімі зардап шеккен тұрғындардың үйіне арнайы барды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сел өткен Жаңатас қаласының көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Осыдан 3 күн бұрын Жаңатаста таудан басталған селден моноқаланың 13 көшесіндегі барлығы 47 үй, 1 әлеуметтік нысан және 400 аула аумағын су басқан еді. Осыған орай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қолға алынды. Яғни, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері зардап шеккен көшелерге асарлатып тазалау жұмыстарын жүзеге асырды. Оған 150-ге жуық азамат пен 15 техника қатысты. Облыс әкімі тазалық шарасына арнайы қатысып, аудан тұрғындарын акцияға ат салысуға шақырды. 

-    Халқымыз «Апат айтып келмейді» дейді. Десек те, қандай жағдайға болсын дайын болуымыз керек. Апатты жағдайда аумақта 280-нен астам төтенше жағдайлар департаментінің жұмысшылары мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырылып, бұл іске 67 техника мен 40-тан астам су сорғыш мотопомпа тартылды. Нәтижесінде өзара үйлесімді жұмыстың өрнегін танытып, табиғи апаттың алдын алу шаралары сәтті орындалды. Бүгінде қалпына келтіру жұмыстары қарқынды іске асуда. Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел аумағында  «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Осы мақсатта Жаңатас қаласының тұрғындарына жұрт болып жұмылып, көмек қолын созуға аудандар мен Тараз қаласынан 150-ге тарта ерікті жиналып отыр, – деді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.

Аймақ басшысы мұнан кейін қызыл судан зардап шеккен тұрғындардың бүлінген баспанасына бас сұғып, ахуалын көрді. Жалпы мұнда 47 үйге су кірсе, оның 2-еуі тұруға жарамсыз. Ербол Қарашөкеев жұртты сабырға шақырып, барлық шығын мемлекет тарапынан өтелетінін айтты. 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар