Жамбыл облысы бойынша 362 адам 1,8 млрд теңге көлемінде микронесие алады
- авторМағжан Орынбасар
- 9 сәуір, 2024
- 608
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында халықты жұмыспен қамтамасыз ету шаралары бойынша атқарылған шаруалар баяндалды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 1 008 адамға 1,4 млрд теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып отыр. Грант алуға өтініш беру порталы 8-ші сәуірде іске қосылған. Қайтарымсыз гранттар 2 лекпен берілмек. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жастарға 2,5 пайызбен микронесие беріледі.
"Осы мақсатта облыс бойынша 362 адамға 1,8 млрд. теңге көлемінде микрокредит беру жоспарлануда. Бастапқы жоспарға сәйкес бұл жұмыстарды сәуір айында бастау жоспарланған болатын. Алайда, Еңбек министрлігінің тапсырмасына сәйкес, қаржы бөлу жұмыстары мамыр айына шегерілді. Бұл жұмыстар да жоспарға сәйкес жүргізілетін болады",- деді Еркін Келесов.
Бұдан соң басқарма басшысы аудандардағы әлсіз жұмысты атап, саладағы төмен көрсеткіштерге тоқталды. Атап айтсақ, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша Тараз қаласы, Жуалы, Қордай ауданы төмен көрсеткіш көрсетіп отыр. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны» аясында Сарысу, Жуалы мен Меркіде, Т.Рысқұлов аудандарында атқарылған жұмыс аз. «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм, Сарысу аудандарында әлі басталмаған. Сылбыр жұмысты сынға алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
"Қойшы көп болса, қой арам өледі» дейді. Қанша жыл болды жұмыс істеп келе жатқандарыңызға құзыреттеріңізді әлі білмейсіздер. Нәтижені көріп отырмыз. Осы аудан әкімдерін жинап, бәрін анықтап, құзыретті бөліп жұмыс істеу үшін не кедергі? Біріншіден, бұл басқарма тарапынан жұмыс баяу жүргенінің нәтижесі. Менің түсінгенім бойынша жұмыс жүрмей жатыр. Әкімдер басқармаға сілтейді, басқарма әкімдерге сілтейді", - деді Ербол Қарашөкеев.
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024