Жамбыл облысында әскери міндетін орындаудан 938 азамат «қашып жүр»
- авторМағжан Орынбасар
- 18 маусым, 2024
- 460
Жамбыл облысында биыл 2 252 жасақ әскерге жіберілді. Алайда отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүргендер де аз емес. Аталған мәселе облыс әкімдігіндегі кеңесте талқыланды, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Кеңесте алдымен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Нұрбол Зейнелов баяндама жасап, көктемгі әскерге шақыру науқанының нәтижесін айтты. Оның сөзінше, биыл аймақта 2 252 жасақ әскерге аттанып, жоспар артығымен орындалған. Алайда әскери міндетін орындаудан 938 азамат қашып жүр. Облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин жалтарып жүргендерді анықтау үшін мобильдік топтар құрылғанын айтты.
«Облыста әскери қызметін орындамай жүргендерді іздестіру мақсатында мобильдік топтар құрылды. Оның ішінде Тараз қаласы бойынша 3 қызметкер, ал аудандарда 1 қызметкерден жұмыс жасауда. Қорғаныс қызметкерлерімен бірлескен іздестіру нәтижесінде 108 адам жеткізілді. Қалған тұлғалар бойынша іздестіру жүріп жатыр»,- деді Арманбек Баймурзин.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев биылғы көрсеткіш нәтижесінде аймақ республика бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын айтты. Бірақ, жекелеген көрсеткіш бойынша әскерге шақыру науқанында жоспарды орындай алмаған аудандарға ескерту жасап, жұмысты жандандыру керектігін баса айтты.
«Көктемгі әскерге шақыру науқынының өту барысы жаман емес. Бізде мерзімде іәскерге жіберу науқын бойынша көрсеткіш артығымен орындалып отыр. Белгіленген жасақ 2252 болса, биыл 2282 жасақ жіберіліп отыр. Республика бойынша біздің облысымыз алдыңғы қатарда. Алайда бірқатар аудан өздеріне берілген тиісті міндеттерін өз деңгейінде орындай алмай жатыр»,- деді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.