Дана Нұржігіт екінші некесінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған
- авторjambylinfo.kz
- 18 маусым, 2024
- 1.2k
Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында тағдыры тәлкекке ұшырап, екінші некесінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғанын ашып жазды. Моральдық-психологиялық қысым көргендіктен, денсаулығына кесірі тиіп, теле эфирге жадырап шыға алмайтындай күйге жеткенін айтып, жан сырын ақтарды, деп жазады jambylinfo.kz.
«Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тақырыбы менің жеке басымды да айналып өтпеді. Жәбірленушінің орнында болып, сот залында тұрамын дегенді кім білген? Қиындық кімде жоқ? Мен де мойымай, «бастысы денсаулығым мен кәсібімнен айырмасын» деуші едім. Алайда моральдық-психологиялық қысым алдымен денсаулығыма кесірін тигізді, содан соң ТВ-эфирде жұмыс істей алмайтын жағдайға жеткізді. Басшыға өзім барып, жұмыстан кетемін деп шештім сол кезде. Өйткені түске дейін тергеушінің алдында, түстен кейін камераға, тікелей эфирде жұмыс істеуге жарамай қалдым. Екінші некем баянсыз болып, тоғыспайтын жерден М.Ә. есімді азаматпен мәмілеге келіп, адамша екі жаққа кетудің орнына, іс насырға шауып, жабық есік жағдайындағы сот процесіне дейін жетті. Екі жарым жыл бұрын заңды түрде ажырасқан едік. Содан соң 10 айға жуық менің талабым бойынша оның үстінен қозғалған қылмыстық істің тергеу процессінен өттім. Соңғы нүктесі 28 мамырда қойылды. Үкім 13 маусым күні күшіне енді. Істің мән-жайын ашпауға процесске қатысқандар қолхат бердік. Сондықтан артық сұрақ қоймаңыздар», - деп жазды ол.
Өмірлік сынақ болған оқиғаны басынан кешірген соң тележүргізуші заңды түрде қорғануға шешім шығарған. Баласының әкесі Владимир де оны қолдауға тырысқан екен.
«Иә, мен заңды түрде қорғануға мәжбүр болдым. Басында бәріміз пендеміз ғой, бір шешімге келерміз деп жеңіл көрінген істің арты осыншама уақытымды, денсаулығымды алады деп ойламадым. Жұмыстың, үйдің, баламның берекесі қашты. Қаржылық шығын, жүйкенің тозғаны былай тұрсын...Бұл оқиға мен үшін үлкен сынақ та, сабақ та болды. Осы жасқа келіп, опасыздықпен дәл осылай бетпе-бет келіп көрмеппін. Қазылған орға құлап жатқанымда қол ұшын созған достарымның қадіріне жетпей келген екенмін деп оған өкіндім. Бәрі сол күндері қасымнан табылды»,- деп жазды ол.
Әрбір зорлық-зомбылыққа тап болған әйел бақыты үшін, жан тыныштығы үшін күресуі қажет екенін түсінген Дана Нұржігіт әр әйелге заң жүзінде әрекет ету қажеттігін ескертті.
«Қолда бар алтынның қадірін біл» деген шығар маған. Қапаста жүрген әйелдерге айтарым: қыспақта ұстағысы келген еркек тек ашықтықтан қорқады. Батыл болыңыздар! Мені де «ұят болады, өз артыңды өзің ашасың ба?» деп ұстағысы келді. Бұл қылмыскердің әдісі. Сенбеңіздер! Заң! Тек қана заңға жүгініңіз! Иә ұзақ жол, иә, бұл күрес! Бірақ...барлығы аяқталған соң Әлімнің айтқаны жанымды жұбатты. «Балам, мен осы оқиғада бір кінәм болса, сенің алдыңда кінәлімін» дедім», - дейді ол. Он үш жасар ұлы сол сәт анасын қолдап, өзін кінәлай бермеуін өтінген.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз