дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 13:25

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында әйел әкім басқаратын ауылда бес жылдан бері мүлде қылмыс тіркелмеген

Жамбыл облысында әйел әкім басқаратын ауылда бес жылдан бері мүлде қылмыс тіркелмеген
Сурет: jambylinfo.kz
Бұл елді мекенде тіпті пробациялық есеп бос тұр

Мойынқұм ауданы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ақсана Қалыбаеваның айтуынша, ауылда соңғы 5 жылда мүлде қылмыс тіркелмеген. Сонымен қатар, жастар ауылдағы қаңырап тұрған ғимаратты спорт нысанына айналдыруға күш салып жатыр, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Брифингте былтыр атқарылған шаруаларды жіпке тізген ауыл әкімі баяндама соңында таң қаларлық мәлімет айтты. Ақсана Қалыбаеваның сөзінше, 1 300-ден аса тұрғыны Жамбыл ауылдық округінде былтыр бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Биылғы көрсеткіш те сондай. Шенеуніктің сөзінше,  тәртіп сақшыларының ауыл жастарымен жиі өткізетін түсіндіру жұмысының жемісі. 

"Ауылда соңғы 5 жылда мүлде қылмыс жасалған жоқ. Соңғы рет 2022 жылы ауылда бір көлік малды қағып кеткен. Соңғы дерек сол ғана. Пробациялық есепте тұратын азаматтар жоқ. Өйткені, жиі рейд жасаймыз. Жастармен жүйелі жұмыс істейміз", - деді ауылдық округ әкімі.

Керісінше, ауыл жігіттері иманды жолға бет бұрып, өткен жылы өздері қаржы жинап, мешіт жанынан «қатымхана» соққан. Ауыл әкімінің сөзінше, бұған дейін мұндай діни рәсім орындайтын өзге орын болмаған. Бұдан бөлек,  жастар ауылдағы қаңырап тұрған ғимаратты спорт нысанына айналдыруға күш салып жатыр.

"Ауылда бос тұрып, ескірген ғимарат бар еді. Соны жақын арада жөндеп, ауыл жастарына күрес, бокспен шұғылданатын зал ашылды. Мектептің спорт залы өз алдына жұмыс атқара береді. Енді жастар ғимаратты жөндеп, спорт залы етіп жабдықтауды қолға алғаны көңілді қуантады",-деді Ақсана Қалыбаева.

Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанымен, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды.

«Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн», – деді Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резервінің форумында.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар