жексенбі, 13 шілде, 2025 21:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында жылына 36 млн кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды

Жамбыл облысында жылына 36 млн кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды
Фото - Jambylinfo.kz
Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды

Жамбыл облысында жылына 36 млн кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 
Байзақ ауданында орналасқан зауыт толық автоматтандырылған. Мұнда 15 адам жұмыс істейді. Өндіріс орны жылына 36 млн күйдірілген кірпіш жасауға қауқарлы. 
Аталған өндіріс нысанының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, өңірдің инвестициялық әлеуеті артып келе жатқанын айтты. Мәселен, қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 245,5 млрд теңгені құрап, 57,5%-ға артқан. Сондай-ақ, биылғы жоспарға сәйкес облыста ірі инвестициялық жобалардың есебінен 115 млн АҚШ долларға тікелей шетелдік инвестициялар тартылады деп күтілуде. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында елдің экономикалық дамуы үшін инвестициялар тартудың маңыздылығын: «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара», деп атап өткен болатын. Бүгінгі күні облысымызда инвестиция тарту бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Былтырдың өзінде құны 214 млрд. теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылып, 1500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Атап өту керек, 2025-2028 жылдар аралығында облыста құны 3,5 трлн. теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобалар базасы қалыптасып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылуы көзделуде. Қазіргі таңда, аудандарда түрлі индустриялық-инновациялық жобалардың іске асуы - шағын және орта бизнестің өсіп өркендеп келе жатқандығын айтуға болады, - деді аймақ басшысы. 

Сонымен қатар биыл Байзақ ауданында 32,4 млрд теңгенің 122 инвестициялық жобасы мақұлданғанын атап өтті. 

- Өздеріңіз білетіндей аудан егін және мал шаруашылығымен айналысады. Дегенмен, өндіріс орындары да кезең-кезеңімен іске қосылуда.  Өткен айда ауданға қарасты Үлгілі ауылында шыны шыңдайтын зауыт пайдалануға берілсе, бүгін құны 2,5 млрд теңгені құрайтын жылына 36 млн дана кірпіш өндіретін заманауи «Ескермес» кірпіш шығару зауытын іске қосу рәсіміне куә болып тұрмыз.   Бұл зауыт - толық автоматтандырылған.  Жаңа технологиялар өндіріс тиімділігін арттырып, өнім сапасын жоғарғы  деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Кәсіпорын жергілікті нарықта импортты азайтып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор әсерін тигізетіндігіне сенемін.  Жобаны іске асырған зауыт басшысы Берік Ескермесұлы Жүсіповке алғысымды білдіремін, - деді Ербол Қарашөкеев. 

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі зауытты аралап, жұмыс барысымен танысты.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар