Жамбылда 1-ші қыркүйекте үш жаңа мектеп ашылады
- авторМағжан Орынбасар
- 23 тамыз, 2024
- 535
Басқарма басшысы Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте облыстағы мектептердің жаңа 2024-2025 жылғы оқу жылына дайындығы жайлы айтып, журналистердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Рауан Садырқұлов мәлімдегендей, облыста жаңа оқу жылында 507 орта білім беру ұйымдарына 248 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. Оның ішінде бірінші сыныпқа болжаммен 20 800 оқушы қабылданбақ. Осылай деген басқарма басшысы тозығы жеткен мектептер мәселесі де шешілетінін айтты.
- 1 қыркүйекте 3 мектеп жаңадан ашылады. Сондай-ақ, 3 мектептің ғимараты жаңадан пайдалануға беріліп, тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешіледі. Бүгінгі күні облыста 4 үш ауысымды, 3 апатты мектеп бар. Оның ішінде 6-ның мәселесі 2024 жылы, 1-і 2025 жылы «Жайлы мектептер» мен жаңа мектептердің, сондай-ақ жапсарлас құрылыстардың есебінен шешімін табады. 2024 жылға 9 мектепке және 1 мектептен тыс мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарына 4,3 млрд.теңге қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 4 мектептің жөндеу жұмыстары аяқталады. Ал, 5 мектептің және 1 мектептен тыс мекеменің күрделі жөндеу жұмыстары мемлекеттік сараптамада көрсетілген мерзімге сәйкес 4-6 ай аралығына жоспарланған. Бірақ, күрделі жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтау мақсатында жұмыс қарқынын күшейту бойынша мердігерлермен жұмыстар жүргізіліп келеді,- деді білім басқармасының басшысы.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топқа жататын отбасындағы әр балаға киім-кешек алуға 47389 теңгеден берілген. Осы орайда жауапты маман «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясының өткізіліп жатқанын жеткізді. Демеушілер тарапынан да оқушыларға көрсетіліп жатқан көмек аз емес.
- Бүгінгі күні акция аясында жекелеген санаттағы 1 481 балаға 38 млн 747 мың теңгеге демеушілер есебінен көмек көрсетілді. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға 9,5 млрд теңге қаржы бөлінді, оның ішінде жекелеген санаттағы 43198 оқушыға 3,9 млрд теңге, 1-4 сыныптағы 71 230 оқушыны тамақтандыруға 5,6 млрд теңге. Оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін қажетті қаржы бөлінді. Жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен 100% қамтамасыз етіледі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,6 млрд. теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш мектептерді ағымдағы ұстауға бөлінген шығындарынан облыс бойынша 3,3% құрайды,- деді Рауан Садырқұлов.
Білім басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, аймақтағы интернет жылдамдығы 20 мегобит/сек жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 63%-дан 97,4%-ға жоғарылаған.
Оқушылардың білім сапасына, ақпараттық құзіреттілігіне тікелей әсер ететін фактор - жоғарғы жылдамдықтағы интернетке қолжетімділігі. Өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Интернет жылдамдығы 20 мегобит/сек жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 63%-дан 97,4%-ға көтерілді. Республикада қолға алынып отырған интернет жылдамдығын көтеру бойынша Старлинк жобасына Жамбыл облысының 53 мектебі енді,- деді ол.
Сондай-ақ биыл балалардың сабақтан тыс уақыттарын дұрыс ұйымдастыру мақсатында облыста 78 мектептен тыс мекеме жұмыс істейді. Осылайша аймақта қосымша біліммен қамту үлесі – 81,8% жетіп отыр. Мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылық пен буллингтің алдын алу бойынша да бірқатар жобалар қолға алынған.
- Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар жаңа жобалар да біртіндеп енгізілуде. Осы мақсатта өткен жылы финдік KiVa бағдарламасы 3 мектепте, «ДосболLIKE» бағдарламасы 5 мектепте сынақтан өткізілді. Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі өткен оқу жылынан бастап облыс мектептеріне пилоттық жоба ретінде енгізіліп, психология ғылымдарының кандидаты Г.Вероцкаяның «Бестерек» жобасы арқылы облыс психологтарының білімін көтеру қолға алынды. Ағымдағы жылы ашылған «Облыстық психологиялық қолдау орталығында» білім алушылар мен олардың ата-аналарына, педагог қызметкерлерге педагогикалық-психологиялық мәселелер бойынша консультациялар беріліп, кәсіби психологиялық көмек көрсетілетін болады,- деді басқарма басшысы.
Білім беру саласына өткен жылы 280 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш еселене түкен. Тиісінше, биыл бұл салаға 319,2 млрд теңге бөлініп, былтырғы жылмен салыстырғанда 14%-ға өскен. Осы орайда мектепке дейінгі ұйымдармен қамту үлесін арттыру мақсатында өткен жылы 3197 орындық 15 жекеменшік балабақша ашылса, биыл жыл соңына дейін 1625 орындық 19 жекеменшік балабақша ашу көзделіп отыр.
- Бүгінде облыста 11 білім бөлімі, 1239 мекеме жұмыс істейді. Оның 587-і мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, 507-і орта білім беру ұйымдары, 42-і колледж, 76 қосымша білім беру ұйымдары, 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер болса, сондай-ақ Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен Жасөспірімдер үйі бар. Жалпы 337 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде,- деді облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов.
Ұқсас жаңалықтар
Қордай ауданы мешіт салу бойынша көш бастап тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024