Жамбылда 253 медицина қызметкері жетіспейді
- авторjambylinfo.kz
- 22 қыркүйек, 2020
- 270
Өңіріміздегі денсаулық сақтау ұйымдарында барлығы 14 мың 420 медицина қызметкерлері бар. Оның ішінде 3 мың 47-сі дәрігер болса, 11 мың 373-і орта медицина қызметкерлер. Сонымен бірге 12 мың 318 медицина қызметкері мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеп жүрсе, соның 2 мың 397-сі дәрігер, 9 мың 921 орта медицина қызметкерлері. Ал жекеменшік ұйымдардағы 2 мың 102 медицина қызметкерлерінің 650-і дәрігер, 1 мың 452-сі орта буын медицина қызметкерлері. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтып берді.
Десе де облыста кадр тапшылығы жоқ емес. Бүгінде өңіріміз мамандардың зейнет жасына жетуіне байланысты 253 медицина қызметкерін қажет етіп отыр екен. 145 ақ халатты Тараз қаласына, қалғаны аудан орталықтарына қажет. Дегенмен биыл 179 маман медицина саласына жұмысқа тұрған екен. Оның 105-і аудандарға жіберілсе, өзгесі Тараз қаласында қалған.
Биыл денсаулық сақтау саласына 88,67 миллиард теңге қаражат бөлу жоспарланыпты. Аталған қаражаттың 50,5 миллиард теңгесі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінен (ГОБМП), 24,8 миллиард теңгесін Медициналық Сақтандыру Қоры арқылы бөлу көзделген. Ал 13,27 миллиард теңге облыстық денсаулық сақтау басқармасына республикалық, жергілікті бюджеттен және жергілікті шұғыл резервтен бөлініпті. Жалпы бөлінген қаржының 3 миллиард теңгесі коронавирус індетіне қарсы күреске жұмылдырылған қызметкерлерге қосымша төлемақы ретінде төленген. 4,8 миллиард теңге қаражат медициналық құрал-жабдық, ағымды жөндеу секілді коронавирус індетіне қарсы күреске бөлінген.
– Жүргізіліп жатқан мониторингке сәйкес, бүгінгі күнге облыс аумағында жалпы COVID-19 індетінің 4 мың 119 жағдайы тіркелді. Өткен тәулікте індеттің 1 жағдайы анықталды. Инфекциялық стационардан 4008 азамат сауығып шықты. Ресми түрде 56 өлім оқиғасы тіркелді. Бүгінгі таңда облыстық көп бейінді балалар ауруханасының инфекциялық блогында 250 инфекциялық төсек орын, оның ішінде реанимациялық 25 төсек орны жұмыс жасауда. Пандемияның 2 толқыныны бола қалса, дайын отыру үшін жалпы 2 530 төсек қорын жасақтап жатырмыз. Оның ішінде реанимациялық төсектердің саны – 253. Жансақтау бөліміндегі әрбір төсектің басында бір-бір өкпені жасанды демалдыру қондырғысы бар, – деген Әсет Әскерұлы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 4,7 миллиард теңгеге 53 жедел жәрдем көлігі, 3 компьютерлік тамография, 58 өкпені жасанды демалдыру аппараты, 6 рентген, 3 ЭКМО, 8 жылжымалы медициналық кешен алынғанын, демеушілер тарапынан 364 миллион теңгеге ӨЖД, ЭКМО аппараты, дәрі –дәрмектер, қорғаныс құралдары, және басқа да керек жарақ алынғанын сөз етті.
Бас дәрігер облыста індетке қарсы күресте ең қажетті екі айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры, медициналық сақтану құралдары жасақталып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ тұмауға қарсы екпе егудің маңыздылығын тарқата айтып берді. Жиын соңында БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан сауалдар қойылып, тұщымды жауап қайтарылды.
Нұрым Сырғабаев
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз