Жамбылда 400 мыңнан астам тұмауға қарсы вакцина сатып алынды
- авторjambylinfo.kz
- 23 қыркүйек, 2020
- 203
Жыл сайын облысымызда эпидемиологиялық маусым кезінде 20 мыңнан астам адам жіті респираторлық вирустық инфекциялармен, ал тұмаумен 100-ден астам адам ауырады екен. Олардың 60 пайыздан астамын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Әдетте қазан айынан мамырға дейін жалғасатын эпидемиологиялық маусымағымдағы халықтың денсаулығын қорғау шарпаларын бастап кеткен ақ халаттылар дәл қазіргі уақытта тұмауға қарсы вакцинация салып жатыр. Бұл жөніндегі нақты ақпараттарды Өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз алаңында Жамбыл облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова хабарлады.
– Республикада, оның ішінде біздің облыста да ЖРВИ, тұмамен сырқаттанушылыққа, тұмау вирусының айналымына мониторинг жүргізу және вирустың жаңа штаммдарын анықтау түрінде эпидемиологиялық қадағалаудың тиімді жүйесі қамтамасыз етілген. Эпидемияға қарсы жедел шаралар қабылдау мақсатында халықтың жіті респираторлық вирустық инфекциялармен және тұмаумен және тұмау вирусының айналымымен сырқаттанушылығының жай-күйіне күнделікті мониторинг жүргізіледі. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы бойынша ЖРВИ-мен ауыру төмен деңгейде. Жұқпалар әсіресе, күзгі-қысқы мерзімде көбірек жүретіні белгілі. Халықты вакцинациялау тұмаудың алдын алудың ең тиімді, сенімді және қолжетімді құралы болып табылады. Бұл ретте сырқаттанушылық деңгейі, ауыр асқынулардың даму қаупі едәуір төмендейді, ауру ағымының жеңіл түрлері басым болады. Сондықтан, вакцинацияны жыл сайын жасату тиімді. Ол жасына немесе денсаулық жағдайына байланысты қауіп тобына кіретін 6 айдан асқан барлық адамдарға ұсынылады. Жұқтыру қаупі жоғары топқа медициналық персонал, қызмет көрсету, көлік, оқу орындарының қызметкерлері, әскери қызметкерлер, мектеп оқушылары, әртүрлі созылмалы аурулармен есепте тұрған адамдар, екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер жатады. Ағымдағы жылы облыстық бюджет қаржысына тәуекел тобындағы тұлғалар үшін тұмауға қарсы вакцинаның 400 мыңнан астам дозасы сатып алынды және қазіргі уақытта тұмауға қарсы вакциналау науқаны басталды, -дейді Неили Орынбасарқызы.
Қазір Тараз қаласының емханаларында халықтың өз қаражатына егу жұмыстары ұйымдастырылған. Жұқпадан сақтанудың басты шарасы – салауатты өмір салтын сақтап, сырқаттанған кісіні оқшаулап, көпшілік орындарда медициналық бетпердемен жүру.
Қ. Рахметуллина.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз