Қазақстан республикасы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен қазақ киносының онкүндігінің ашылуы өтті. Іс-шара Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығынының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мәдени шараның шымылдығын Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева құттықтау сөздерімен ашты.
Қазақ киносының онкүндігі шынайы оқиғаға негізделген «Капитан Байтасов» фильмімен ашылды. Туындыны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясы және «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» бірлесіп түсірген. Ғазиз Байтасов Таразда лаңкестерді тоқтатып, өз өмірін құрбан еткен полиция капитаны. 2011 жылдың 12 қарашасында тәртіп сақшысы қылмыскердің атқан оғын тосып, жарған гранатасын денесімен жауып, бейбіт тұрғындардың жанын сақтап қалған. Режиссер Дәурен Қамшыбаевтың драма мен экшн жанрындағы кинотуындысы жалғыз Байтасовтың ғана емес, лаңкеспен күрес жолында қаза тапқан құзырлы орган қызметкерлерінің жанкештілігін баяндайды.
Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік қолдаумен түсірілген ұлттық фильмдерді кеңінен насихаттау, сондай-ақ, шалғай елді мекендердегі көрермендерге отандық киноны қолжетімді ету. Қазіргі таңда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақ киносының онкүндігін өткізуді қолға алған.






