Жамбылда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалтуға 4,3 млрд теңге бөлінген
- авторМағжан Орынбасар
- 27 қараша, 2024
- 398
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің баяндамасы тыңдалды.
Жамбыл облысында 45 571 адамның мүгедектігі бар.
Биыл осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік-психологиялық, медициналық оңалтуға 4,3 млрд. теңге бөлініп, жоспар 93,9 пайызға орындалды. Сонымен бірге әлеуметтік қызметтерге 2,6 млрд. теңге қаралды.
18 медициналық-әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар 944 адам мен 415 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі.
Биыл 259 нысанды ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімдеу жоспарланып, 189 ғимаратта жұмыстар аяқталды.
Инватакси қызметін 2300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат пайдаланады. Ол үшін арнайы жабдықталған 32 арнайы автокөлік қарастырылған.
Ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы мәліметке сәйкес мүгедектігі бар 2 150 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде 679 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Бұдан бөлек, 102 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 715 азамат тұрақты жұмыс тапты.
Аппараттық кеңесте Тараз қаласы мен аудан әкімдері әлеуметтік нысандарды бейімдеу, протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамту бойынша атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Облыс әкімі мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауды, тұрақты жұмыспен қамтуды, сондай-ақ оларға қызмет көрсететін мамандардың біліктілігін арттыруды назардан тыс қалдырмауды талап етті.
Ербол Қарашөкеев кейбір жекеменшік нысандардағы пандустың стандартқа сай келмейтінін, тіпті қарапайым адамның мініп-түсуі мүмкін емес екенін айта келе, бұл бойынша облыстық әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Аслан Оразбековке қатаң шаралар қабылдауды ескертті.
Бұдан бөлек, мүгедектікті тағайындау бойынша халықтың арыз-шағымына назар аударды. Жауаптыларға заң аясында медициналық-әлеуметтік сараптаманың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін ұсыныс әзірлеуге 1 ай уақыт берді.
- Науқастарды әуре-сарсаңға салуды тоқтату қажет, — деген облыс әкімі мүгедектігі бар азаматтардың мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауды міндеттеді.
Аппараттық кеңесте мүгедектігі бар балаларды оқыту және тәрбиелеу бойынша білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлішер Әзімбай баяндама жасады.
Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 9 468 бала бар, оның 7 120-на білім мен тәрбие берілуде.
447 жалпы білім беретін мектептің 89 пайызы, 224 мемлекеттік мектепке дейінгі мекеменің 81 пайызы инклюзивті білім беруге лайықталған.
Ербол Қарашөкеев мүмкіндігі шектеулі балаларды сапалы инклюзивті біліммен қамту жұмыстарын одан әрі жандандыруды, Тараз қаласынан қосымша психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығын ашу бойынша нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысында 100 келіден астам марихуана тәркіленді
- авторСадуақас Айсұлу
- 28 желтоқсан, 2024