Қазақстандық тісін емдеткен клиникадан 1,2 млн теңге өндіріп алды
- авторМағжан Орынбасар
- 26 қараша, 2024
- 317
Орал қаласының № 2 сотында әйелдің талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған әйел 1 млн 949 мың материалдық, 3 млн теңге моральдық шығын және оған қоса 1,1 млн теңге шығындарды өндіруді талап еткен.
Мәлім болғанындай, әйел 2022 жылдың мамыр айында жеке тіс емдеу клиникасына жүгінген. Сол жерде жақтың жоғарғы бөлігіндегі тістерді циркониялық коронка қолдану арқылы протездеу және жалған винир жолымен тістің пішіні мен түсін жөндеу қызметі көрсетілген. Соған әйел 700 мың теңге төлеген. Бірақ сапасыз қызмет салдарынан ол басқа клиникаға барып, онда 1 млн 249 теңгенің қызметі көрсетілген.
«2022 жылдың шілдесінде талапкер ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Алматы қаласы бойынша департаментіне жауапкердің сапасыз қызметі негізінде жүгінді. Анықталған бұзушылықтарға байланысты аталған департамент бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарды. Істі қарау барысында жауапкердің бұзушылықтары департамент ұйғарымы мен басқа адамдардың түсініктерімен куәланып, өз дәлелін тапты. Соның негізінде сот талапты ішінара қанағаттандырып, клиникадан 700 мың теңге материалдық, 500 мың теңге моральдық шығынды өндірді, талаптың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылды. Шешім заңды күшіне енді», деп хабарлады ведомстводан.