сейсенбі, 27 қаңтар, 2026 15:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді

Жамбылда үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді
Фото: Жамбыл облысының әкімдігінің баспасөз қызметі
Жамбыл облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі әрі жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Өңірде білім беру нысандарының санын арттырумен қатар, олардың сапасын жақсарту және оқушыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

2025 жылы облыс аумағында барлығы 14 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 10 мектеп бар. Аталған мектептердің төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынса, қалған 4 нысан қолданыстағы мектептерге жапсарлас ғимарат ретінде бой көтерді. Бұл өз кезегінде білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 1 апатты, 1 үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар 5, тозығы жеткен 6 және асханасы жоқ 1 мектептің мәселесі оң шешімін тапты.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков баяндады. Жиында білім беру саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі толықтай жойылды. Қазіргі таңда облыс аумағында 1 апатты, 11 тозығы жеткен және оқушы орны тапшылығы бар 17 мектеп тіркеліп отыр.

Биыл өңірде тағы 12 білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталған жобалар іске асқан жағдайда оқушы орны тапшылығы бар 2 мектептің, тозығы жеткен 4 мектептің, сондай-ақ спорт залы мен асханасы жоқ 6 мектептің мәселесі шешімін табады.

Сонымен қатар Мойынқұм ауданының Күшаман ауылында орналасқан Амангелді атындағы апатты мектептің орнына 80 орындық жаңа білім беру нысанының құрылысын бастау көзделуде. Бұл ауылдық жердегі білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

2025 жылы облыста 16 білім беру нысанына 11 млрд теңге көлемінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 26 мектеп, 14 балабақша және 1 арнайы мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Жөндеу барысында ғимараттардың қауіпсіздігі мен жай-күйін жақсартуға басымдық берілді.

Сонымен қатар 2,2 млрд теңгеге жаңа үлгідегі пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, асхана, кітапхана және спорт құрал-жабдықтары, мектеп жиһаздары, турникеттер мен компьютерлік техника сатып алынды. Ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 750 млн теңгеге 3 мектеп заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Өңірде тұңғыш рет мамандандырылған әскери мектеп-интернаты ашылып, «Дарын» лицей-интернаты жаңа ғимаратқа көшірілді. Сонымен қатар биыл ІТ лицей-интернатына арналған 300 орындық қосымша ғимараттың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 619 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, онда 63 645 бала тәрбиеленуде. Ал 531 жалпы білім беру ұйымында 245 мыңнан астам оқушы білім алуда.

Өткен жылы облыс оқушылары мен педагогтері білім, ғылым және шығармашылық бағытында бірқатар елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Халықаралық және республикалық байқауларда 113 педагог жеңімпаз атанса, облыс оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында 468 медаль иеленді. Сонымен қатар дарынды оқушылар республикалық ғылыми жобалар конкурсында 16 жыл қатарынан «Үздік команда», ал республикалық олимпиадада «Үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алып, өңірдің мерейін үстем етті.

 

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар