Жамбылда «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедиция басталды
- авторМағжан Орынбасар
- 19 мамыр, 2025
- 208

Жамбыл облысында «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедиция басталды, – деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Экспедицияның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, өңірдің тарихи-мәдени орындарымен танысу әрі оларды дәріптеудің маңызын атап өтті.
– Бүгін Жамбылдың жалынды жастарымен «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедицияның ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Тарих қойнауынан сыр шертетін киелі Әулиеата өңірінде бұл экспедицияның басталуы аса маңызды. Тарихи-танымдық шаралар қоғам санасын жаңғыртуға зор ықпал ететін озық жобаларға айналуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет. Жалпы, өңірімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі тарихи-танымдық экспедиция – соның айқын дәлелі. Қасиетті Әулиеата өңірі – тұнған тарих. Мұнда ежелгі және орта ғасырлар тарихының адам сүйсінерлік әрі тамсанарлықтай тарихи ескерткіштері сақталып, бүгінгі күнге жеткен, – деді Серік Сәлемов.
Бұдан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жастарға бата берді.
Осылайша экспедиция қатысушылары Бауыржан Момышұлы музейіне кіріп, тарихи жәдігерлермен танысты.
Үш күнге созылатын экспедицияға волонтерлер, ЖРО мамандары, Ассамблея жастары, аудандық және ауылдық мектептердің тарих пәні мұғалімдері мен әртүрлі салада жұмыс істейтін жастар қатысуда.
Айта кетейік, шара аясында жамбылдық жастар Бауыржан Момышұлы атындағы музей, Ақыртас кешені, Құлан қалашығы, Меркі қалашығы, Қарасай петроглифтері, Т. Рысқұлов аудандық тарихи музейі, Меркі үңгірі, Меркі аудандық тарихи музейі мен «Меркі сегіз» петроглифтерінің тарихымен танысады.