бейсенбі, 19 маусым, 2025 21:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жаңа заман журналистикасы: Таразда сала мамандары бас қосты

Жаңа заман журналистикасы: Таразда сала мамандары бас қосты
Pixabay.com
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Бүгінгі журналистика: сын-қатерлер, трендтер, мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл» тақырыбында онлайн және офлайн форматта семинар өтті.

Аталған жиынға облысымыздың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, аудандық медиа орталық мамандары мен университет студенттері қатысты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Семинардың негізгі мақсаты – журналистикадағы заманауи үрдістер мен БАҚ арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын саралап, медиасауаттылық пен контентті тиімді жеткізудің әдістерін ортаға салу.

Басқосуда Zoom платформасы арқылы Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов, офлайн форматта Өңірлік коммуникациялар қызметінің директоры Алмат Сәдуақас, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Журналистер одағының мүшесі, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев және «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева өз баяндамаларын оқыды.

Жиында министрлік өкілдері тарапынан халықтың медиасауаттылығын арттыру, мамандардың біліктілігін көтеру, әсіресе салалық журналистиканы дамыту мәселелері көтерілді. Ал Алмат Маратұлы өз кезегінде өңірлік коммуникациялар қызметінің негізгі міндеттері мен жұмыс форматына тоқталып, «Мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың өзара іс-қимылы: тиімділігі мен ашықтығы» тақырыбында баяндама жасады. Ол тиімді коммуникацияның негізінде ашықтық, жеделдік және сенімділік қағидаттары тұруы тиіс екенін ерекше атап өтті.

Семинар барысында «Қазіргі медиадағы медиасауаттылық мәселелері» тақырыбында сөз алған Бақытжан Маханұлы бүгінгі медиасауаттылықтың маңыздылығын тілге тиек етіп, әлеуметтік желілерде жалған, манипуляциялық ақпараттардың кең таралуы салдарынан шынайылық пен нақтылық екінші кезекке ысырылып қалғанын жеткізді.

Сондай-ақ, Гүлбаршын Қайратқызы өз сөзінде қазіргі көрерменнің ақпаратты визуалды түрде қабылдауға бейім екенін, сондықтан әрбір журналист мазмұнды материалды бейнелі әрі креативті форматта ұсына білуі керек екенін айтты. Ол телевизиялық контент өндірісіндегі жаңа трендтер мен аудитория талғамына сай келетін тәсілдерге де тоқталды.

Семинар аясында қатысушылар журналистиканың қазіргі заманғы сын-қатерлері мен трендтерін кеңінен талқылады. Ақпарат таратудың жаңа платформалары, цифрлық медианың ықпалы және фейк ақпаратпен күрес әдістері кеңінен қарастырылды. Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесуде тәжірибелі журналистер мен медиа сарапшылар практикалық мысалдар келтіре отырып, аудиториямен байланыс орнату жолдарын, дереккөздермен жұмыс істеудің тиімді әдістерін және сапалы контент жасаудың маңызын түсіндірді.

Студенттер үшін бұл семинар кәсіби бағдар алу мен журналистика саласындағы нақты тәжірибемен танысуға үлкен мүмкіндік болды. Спикерлердің өмірлік тәжірибелері мен кәсіби кеңестері қатысушыларға тың серпін беріп, өзекті мәселелер бойынша терең ой қозғауға себеп болды.

Шара соңында белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай мазмұнды кездесулер мен тәжірибе алмасуға арналған семинарлар тұрақты түрде өткізілетінін жеткізді.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар