Жамбылдағы төтенше жағдай жиі болатын ауыл қалай өмір сүріп жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 22 мамыр, 2024
- 384
Қордай ауданы Сарыбұлақ ауылының әкімі Бахтияр Әбенов төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қандай шаралар қолға алынғанын айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Өткен жылдан бері Жамбылда екі рет төтенше жағдай жарияланса, екі ретте де Сарыбұлақ ауылдық округінің қатысы бар. Мәселен, былтырғы қуаңшылық пен қыстағы ауа-райының қатал мінезі осы ауылды да қамтыды. Бахтияр Әбеновтың сөзінше, алғашқы төтенше жағдайға байланысты құрғақшылықтың салдарынан 89 шаруа қожалыққа өтемақы төленген.
«Қыста, дәлірек айтқанда, 13-15 желтоқсан күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты Батыс Қытай -Батыс Еуропа жолында 350 адам жолда қалып, жылу пунктерінде барған . Сонымен қатар, мал шығынына байланысты 5 шаруа қожалыққа өтемақы төлеу туралы құжаттар тапсырылды»,- деді Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі.
Осы екі төтенше жағдайды бастан өткерген ауыл биыл мұндай оқиға қайта болмас үшін ерте қамданған. Іс-шара жоспары бекітіліп, арнайы штаб та құрылған.
«Он екі адамнан құрылған ерікті жасақ тобы құрылып, әр шаруа қожалықтарда төтенше жағдайдың алдын алуға жанар-жағармай қоры және дала өрттеріне қарсы 20 дана құрылғы дайындалған. Су тасқынын және өрттің алдын алу, улы газдан сақталу мақсатында тұрғындарға ескертулер, буклеттер таратылып, көрнекі ақпарат баннер ілініп, жұмыс атқарылды,- деді Бахтияр Әбенов.