дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 16:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Жас өнертапқышқа жарты миллион теңге беріледі». Жамбылда алғаш рет «Zhambyl Idea Battle 2024» байқауы өтіп жатыр

«Жас өнертапқышқа жарты миллион теңге беріледі». Жамбылда алғаш рет «Zhambyl Idea Battle 2024» байқауы өтіп жатыр
Сурет: jambylinfo.kz
Республика көлеміндегі ең ірі сайысқа барлығы 30 жоба іріктелді

Биыл Жамбылда алғаш рет IT саласындағы стартап жобалар арасында ауқымды байқау өтіп жатыр. Жас стартаперлерге үлкен мүмкіндік сыйлаған жарысқа 30 команда қатысады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Zhambyl Idea Battle 2024» байқауының жартылай финалы басталды. Онда өңірдегі жоғары сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері IT саласындағы стартап жобаларын ұсынуға мүмкіндік алды.Бұл ретте Халықаралық Тараз инновациялық институты жас стартаперлерге жаңа жобаларды қорғау үшін алаң ұсынып келеді.

«Біздің университет IT бағытындағы тың идеяларды насихаттайды. Университетте ақпараттық технологиялардың білім беру кластері құрылды. Институтта академия жұмыс істейді, онда студенттер өзге машықтармен қатар ұшқышсыз ұшақтарды басқару сынды жаңа қабілеттерді игереді. Олар алған білімдерін еңбек нарығында қолдана алады және сұранысқа ие мамандар қатарын толықтырады. Сонымен қатар, CISCO және Huawei сияқты әлемдік көшбасшылармен келісіміміз бар. Сондықтан бұл байқаудың маңызы зор. Тәуелсіз қазылар алқасының құрамына Алматы, Шымкент және Тараз қалаларының кәсіпкерлері кірд»і, - деді ЖОО ректоры Марат Баяндин.

Табысты IT-стартаптар студенттердің жұмысқа орналасып кетуіне кепілдік береді, инвестиция тартады және аралас салалардың дамуына үлес қосады. Іс-шара барысында қатысушылар ұсынған бастамаларға халықаралық Astana Hub IT технопаркінің аймақтағы өкілдігі Жамбыл HUB қолдау көрсетеді.

«Стартаптар байқауы Қазақстанның барлық аймақтарында өтеді. Ал біздің Idea шайқасы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім - ішкі инкубация. бұл бөлімдегі семинарлар төрт күнге созылды. Содан кейін біз таңдаған 30 команда дайындықтан өтіп, жартылай финалға қатысуға рұқсат алады. Бұл стартап сайысы болғандықтан, әртүрлі саладағы білім мен дағдыларды қажет етеді. Мысалы, қаржылық сауаттылық бойынша жобалармен, туризмді дамыту бойынша идеялармен, медициналық мәселелермен айналысатын үш команда бар. Әр жобаның өзіндік ерекшелігі бар», - дейді Жамбыл облысы бойынша Astana Hub халықаралық IT технологиялар паркінің аймақтық менеджері Әйгерім Наурызбекова.

Сайыс барысында командалар өз жобаларын ұсынуға және қазылар алқасының сұрақтарына мінсіз жауап беруге барынша тырысты. Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы «Агроботика» деп аталатын жоба ұсынып, шаруалардың жұмысын жеңілдетпек.

«Біздің стартап аграрлық секторда қолданылатын инновациялық технологияларды автономды басқаруды және бақылауды көздейді. Бұл жүйе жасанды интеллектті дрондар мен метеостанцияларды пайдалану процесіне біріктіруді көздейді. Бұл жүйені пайдаланушы нақты уақыт режимінде қажетті ақпарат ала алады. Біз әзірлеген платформаның арқасында фермерлер үйде немесе кеңседе отырып-ақ деректерді алу мүмкіндігіне ие болды», - дейді 11 сынып оқушысы Арсен Анарбек.

Айта кетейік, 23 мамырда өтетін ақтық сайысқа 10 стартап қана жолдама ала алды. Жүлде қоры 500 мың теңге. Жеңімпаз команда 250 мың теңгенің сертификатына ие болады. Екінші және үшінші орындарға берілетін сыйақы сәйкесінше 150 мың және 100 мың теңгені құрайды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар