Жыл жабылар шақта жасөспірімдер арасындағы жүктілік тақырыбы жырға айналып кете береді. Қоғам белсенділері тарапынан моральға толы әңгімелер айтылса да, өзекті мәселенің өзегі жарылар күн байқалар емес. Қайта іші іріңге толған сыздауықтай жаныңды сыздататын деректер көлбеңдеп алдыңнан шыға береді.
Керек деректерге көз жүгіртсек, 2020 жылы жасөспірімдер арасындағы жүктілік 2019 жылмен салыстырғанда төмен болған деседі. Сол жылы елімізде 7 мыңға жетеғабыл жасөспірім жүктілік дерегі бойынша тіркелсе, он мыңнан астам жас жасанды түсік жасатқан екен. Ал 5 639 азаматша ерте жастан ана атаныпты. Статистика төмендегендегі дерек осылай сайрап тұрса, өскенде жағдай қалай болмақ?!
Жыр алыбының атын алған өңірде жасөпірімдердің жүктілік дерегін жинақтау қай деңгейде жүргізіледі? Бір белгілісі, бір-біріне өкпелеген жұрт аз емес. Таяуда ғана өңірдегі білім басқармасының мамандары денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жалпылама статистика беруге машық екенін айтып, ренішін білдірген болатын. Отбасын құрғандарды есепке алмайды дегенді де тілге тиек еткен. Расында да, өңірде статистика ойдағыдай жүргізілмей ме?
Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы жүктілік 249 адамға жеткен екен. Осылайша, дабыл қаққан жауапты басқарма өкілдері ерте бастан түсік жасатудың жастар үшін зияны зор екенін де айтады. Әрине, оның жақсы еместігін бәріміз де білеміз.
«Ерте түсік жасату бедеулікке алып келеді. 2021 жылы бірнеше жағдай тіркелген болатын. Жалпы, Жамбыл облысында жасөспірімдер арасында ерте жүктілік дерегі жиі ұшырасатыны бар. Өткен 10 айды қорытындыласақ, 249 жасөспірім ерте жүкті болып, аман-есен босанды», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақерке Тоқбергенова.
Жалпы, жоғарыда келтірген дерек өткен жылмен салыстырғанда 14 адамға азайған деседі. Әйтсе де, 249 жасөспірімнің уақытынан бұрын жүкті болғаны кімді де болсын алаңдатпай қоймайтыны тағы рас. Енді ше, 14 адамға азайды деп мақтана алмайтын шығармыз?! Білім басқармасындағылар жасы жетпей бала көтерген қыздардың екеуі ғана оқушы екенін алға тартып отыр. Соған қарағанда қалған азаматшалар студент болса керек. Олар денсаулық сақтау басқармасындағы әріптестерінің жалпы статистиканы жайып сала бермей, нақты талдау жүргізгенін жөн санайды. Айтуларынша, оқуды аяқтап, отбасын құрған жасөспірімдер де емханаға тіркеле беретін көрінеді. Айтқан уәждері жөн секілді ме, қалай өзі? Әйткенмен, зерделеу барысында жасөспірімдердің дені мектепте оқып жүрген кезде от басқан болса ше?
«Ол кісілер бізге тек тіркелген деректі ғана ұсынатыны бар. Қысқасы, талдау дегеніңіз дұрыс жүргізілетін болса, әлгі жасөспірімдер кәмелет жасына толмай отбасын құрып жатса, біз неге оны жағымсыз немесе жеңіл жүріс арқылы ерте жүктілік пайда болды деп есептеуіміз керек?», дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева мәселенің мәнісіне үңіліп.
Білім саласы мамандарының айтуынша, 249 жасөспірімнің 148-і кәмелет жасына толған. Ал 109 азаматша тұрмыс құрып кеткен екен. Олар сол себепті жалпы статистика ұсына бергенді доғару керек деп отыр. Өйткені мұндай жағдай білім ошақтарының, анығырақ айтсақ, мектептердің абыройын айрандай төгеді деп пайымдайды. Бұл мәселеге қатысты ақ желеңді абзал жандар не дейді?
«Жасөспірімдер дегеніміз кәмелет жасқа толмағандар ғой. Олардың тек жалпы санын ғана айта аламын», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ақерке Тоқбергенова.
Екі басқарма арасындағы дау қалай шешілетінін кім білсін?! Бір анығы, облыстық білім басқармасының қызметкерлері әріптестеріне біраз уақыттан бері хат жазып жүр екен. Алайда деректерді талдауға қатысты жұмыстар әлі күнге дұрыс жүргізілмей жатқаны олардың жанын аяздай қариды. Расында да, жасөспірімдерге қатысты мұндай дерек жан-жақты талданғаны дұрыс секілді. Бәлкім алдағы уақытта жауапты қызметкерлер осы мәселені назарға алатын болар...
- Жамбыл облысында мектептер мен колледждерде білім алатын 15-17 жас аралығындағы оқушылар мен студенттердің саны 60 мыңға жетеғабыл. Олардың жартысына жуығы жасөспірім қыздар болуы керек. Ел ертеңі жастар екенін ескерсек, сол 60 мың жасөспірімнің немен айналысып жүргенін мықтап зерделеген жөн. Неге десеңіз, кәмелет жасына жетпеген студенттер түн ауғанша дәмханалар мен мейрамханаларда даяшы боп еңбек етеді. Кәсібін дөңгелетіп отырғандар үшін аз ақшаға барын салып еңбек ететін жасөспірімдерді жұмысқа алған тиімді шығар. Ал заң не дейді? Заңға салсақ, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер түнгі 23:00-ден кейін көшеде жүре алмайды. Бірақ заңға құлақ асып жатқан кім бар дейсіз...
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылда 8 мәдениет нысаны ел игілігіне беріледі
- авторМағжан Орынбасар
- 14 қараша, 2024