Жуалыда жаңа спорт кешені пайдалануға берілді
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 12:01
- 207
Жуалы ауданына қарасты Қарасаз ауылында көптен күткен дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ФОК) салтанатты түрде пайдалануға берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл – ауыл тұрғындары, әсіресе жас ұрпақ үшін үлкен қуаныш, маңызды әлеуметтік нысан.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Жалғас Мұртаза, ауыл ақсақалдары, ардагерлер мен тұрғындар қатысты.
Ашылу барысында аудан басшысы жиналған қауымды жаңа спорт кешенінің іске қосылуымен құттықтап, оның ауыл жастарының денсаулығын нығайту мен бұқаралық спортты дамытудағы маңызын атап өтті.
Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, игі істің берекелі болуын тіледі.
Салтанатты лентаны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Жұмашев пен аудан әкімі бірге қиды.
Жаңа спорт кешені заманауи талаптарға сай салынған. ФОК бір қабатты ғимарат болып, жобалық өлшемі 21,0 × 48,5 метрді құрайды.
Нысан сейсмикалық табанмен бөлінген екі блоктан тұрады.

Бірінші блокта спортшыларға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, душ және қосалқы бөлмелер орналасса, екінші блокта әмбебап спорт залы қарастырылған.
Спорт залының бір ауысымдағы өткізу қабілеті – 15 адам, ал жаттығу уақыты 1,5–2 сағатты құрайды. Кешен толықтай заманауи спорттық жабдықтармен және жиһаздармен қамтылған. Барлық құрал-жабдықтар Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелеріне толық сәйкес келеді.

Нысанның құрылысын «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға серпін бермек






