
Бүгін – ел тыныштығы мен азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында күн-түн демей еңбек ететін полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Аталаған күнге орай Ішкі істер министрі Ержан Саденов Ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлеріне арналған құттықтау жариялады.
Ведомство басшысы полиция жұмысының маңыздылығын атап өтіп, оның әрдайым әділдік, абырой және ерліктің символы болуы керектігіне назар аударды. Ол әріптестеріне табандылығы, жанқиярлығы және антқа адалдығы үшін алғыс білдіріп, ал ардагерлерге жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен мінсіз қызметі үшін ерекше ризашылығын жеткізді.
«Ішкі істер органдарындағы қызмет жоғары кәсібилікті, төзімділікті және өз ісіне шексіз адалдықты талап етеді. Бүгін де, бұған дейінгідей, сіздер табандылық, жанқиярлық пен антына адалдық танытып келесіздер. Сіздерге зор денсаулық, амандық және жақсылық тілеймін!», – деді Ішкі істер министрі.