сейсенбі, 18 наурыз, 2025 0:01

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ақбұлым: Асан Қайғы атау берген киелі мекен

Ақбұлым: Асан Қайғы атау берген киелі мекен
Ашық дереккөз
Ерте кезеңде Ұлы Жібек жолының торабында орналасқан саудагерлер қаласы – Таразға жету үшін көпестер керуені жолшыбай бірнеше жерге тоқтап аялдап отыратын болған. Мұндай жерлерді халық «бекет» деп атаған. Бекеттер әдетте елді мекендер мен ауыл жұртының іргесінде, су көзіне таяу орналасқан. Мұндай сауда-экономикалық маңызы бар жол торабы ертеректе Тараз іргесіндегі Ақбұлым елді мекенінде де болған.

Ел аузындағы аңыз бойынша, тарихи мекеннің атауын алғаш Асан қайғы қойған делінеді. Бұл туралы деректі Ақбұлым ауылының қариясы, тарихшы Жамбыл Бесбаев кеңестік Әулиеатаның алғашқы ұстаздарының бірі болған әкесі Баймырза Бесбаевтің нұсқауымен ертеректе шежірешілердің аузынан жазып алған, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Аңызға сенсек, Асан қайғы Жамбыл жеріне келгенде Ақбұлым іргесіндегі Қарасай мекеніне тоқтап, Желмаясын жайып үш күн қонақ болады. Сонда жері шұрайлы, тарихқа бай өлке жайында:

«Ақтау мен Қызылтау керегең,

Арта берсін әрқашанда берекең.

Елің, шіркін, еміреніп еметін,

Түгін тартса майы шығар жер екен.

Елдері ақ көңіл адал екен,

Күніне жүз керуен адам келсе,

Қона кетіп шығарып салады екен», – деп елді мекенде сол кезеңде-ақ ат аялдап, арқа босататын орынның болғандығы жайы айтылады. Жамбыл Бесбаевтің айтуынша, мұндай бекеттер өткен ғасырдың басында Қайындыдан Жасөркенге дейінгі аралықта билік еткен Дербісәлі болыстың иелігінде де болған.

– Халқына тек жақсы істерімен танылып, өз дәуірінде ағартушылықпен айналысқан Дербіс болыс (Дербісәлі) Әулиеата өңіріне аты танымал Бұралқы, Керімбай секілді болыстармен де үнемі байланыста болған. Дербіс болыстың қолдауымен ұстаз болған әкеміз Баймырзаның айтуынша, өзара жақсы байланыста болған болыстар өңірдің қоғамдық өміріне байланысты шешімдерді бас қосып талқылап отыратын болған. Мұндай басқосулар әдетте осындағы Дербіс болыстың иелігінде өтеді екен. Осындай орындарды ел арасында әуенжай деп атаған, – дейді Жамбыл Бесбаев.

Дәл осы Дербісәлі болыстың ауылы Ақбұлымға 1927 жылы Әулиеатаға сапарында Міржақып Дулатов та қонақ болады. Алаш арысының Жұмыр Есмурзин деген адвокаттың шақыртуымен еңбек дамалысында арнайылап келіп, аздаған уақыт қонақ болғандығы жайында Гүлнәр Дулатованың «Шындық шырағы» кітабында Міржақыптың қарындасы Ботагөз атынан баяндалады. Онда Әулиеата сапары жайында: «Ақбұлымнан қала он екі шақырым, фаэтонға мініп, лезде қалаға жеттік, бұл қаланың тұрғындары көпұлтты: қазақ, қырғыз, өзбек, татарлар, дұнғандар, орыстар. Үйлерінің көбі саманнан соғылған, қызыл кірпіш үйлері де жетерлік. Әр үйдің қора, бақтары мәуеге тұнып тұр. Көшелер бойы сылдырап аққан арықтар – жанның рақаты, ескен самал желі ауаны салқындатып тұрғандай сезілетін. Арықтарға жағалай отырғызылған түрлі биік ағаштар көлеңке түсіріп тұратын, қаланың алыстан көрінетін бурыл таулары еңсесін көтерген батырлар іспетті күннің шұғыласымен түсін күніне бірнеше өзгертетін. Кешке таман таудан соққан қоңыр жел шілденің шыжыған ыстығын лезде басып, түндері салқын тұратын», – дейді. Алаш арысының қарындасынан қалған бұл естелікте Дербісәлі, Тұяқбай, Бұралқы болыстардың есімдері де аталады.

Тарихи тұрғыдан алғанда да мұнда керуен сарай мен бекеттердің болғандығының қисыны бар. Өйткені, Ақбұлымның теріскейінде төменгі Барысхан қалашығы, күнгейінде Қарасай петроглифтері орналасқан Қамыстыбұлақ шатқалы мен Ботамойнақ үңгірі, Жетітөбе археологиялық ескерткіштері табылған. Мәселен, Қамыстыбұлақтан табылған Қарасай петроглифтерінде жылқы мен тауешкілердің суреттерімен қоса күнбасты Митра құдайының таңбасы бейнеленген. Шатқалдағы петроглифтердің ішіндегі құнды суреттер қатарына жататын петроглиф – Сібір бұғысы. Жанрлық композиция арқылы салынған бұғының суреті ежелгі қола дәуірінен бізге жеткен бейнелеу өнерінің қайталанбас туындысы саналады. Сонымен қатар, мұнда мүйізтұмсық немесе су сиырға ұқсайтын жануардың бейнесі де таңғалдырады. Бұл мұнда бір кездері тұяқтыларды аулаған жабайы жануарлар өмір сүргенін, бірақ біздің заманымызға жетпей, жойылып кеткендігін аңғартады. Тарихи мекеннің Қамыстыбұлақ атануы содан қалыптасса керек.

Асан қайғы өлеңінде осы аталған жер-су атаулары аталып, аймақтың табиғи жағдайы да тілге тиек етіледі:

«Қамыстыбұлақ, Сарыбұлақтан аққан сулар,

Талас деген өзенге құяды екен.

Жыл төрт мезгілінде осы аймақты,

Ақ бу басып тұрады екен.

Бұлымданып ақ бу басқан бұл мекенді,

Ел-жұртқа Ақбұлым деп атап кетем».

Осылайша абыз жырларында Талас өзенінің ағыны қатты арнасы болғандығын айтып өтіп, келесі бір келгенде:

«Бұлақты төрің шатқалың,

Қасиет қонған жерің-ай!

Ақбұлым деген ауылың,

Ынтымақ берген еліңе-ай!

Әттең, шамам келмейді,

Желмаяға өңгеріп кетер едім-ай! – деп аяқтаған деседі.

Тарихтың өтінде бұзылмай, ғасырдан ғасырға сақталған ел аузындағы Ақбұлымның атауы туралы аңыз күні бүгінге дейін осы күйінде жетіп отыр.

 

Нұрболат АМАНБЕК
 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар