АҚШ-тың 46-президенті биліктен кетуіне байланысты соңғы сөзін айтып, жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz atamekenbusiness сілтеме жасап.
15 минуттық үндеуде Байден президенттік лауазымда отырған кезінде НАТО мен Украинаға қолдау күшейгенін, сондай-ақ Қытаймен бәсеке артып, Газа секторында қақтығыс тоқтағанын мәлімдеді. Сыртқы саясаттағы жетістіктер мәселесінде Ресейдің аты аталмады.
Сондай-ақ санаулы бай-бағландардың қолында байлық пен биліктің шоғырлануы елдің демократиясына қауіп төндіретінін ескертті. Саясаттағы жемқорлықпен күресіп, президенттің өзі лауазымды қызметте отырып, қылмыс жасаса, жауапқа тарту керектігін жеткізді. Ол үшін Америка Конституциясына өзгеріс енгізу қажет деді.
Байден жасанды интеллекттің оң әсерімен қатар, қауіп-қатері бар екенін атап өтті. Сөзінше, тиісті қауіпсіздік шараларын ескермеген жағдайда, бұл құпиялылыққа қауіп төндіруі мүмкін. Қоштасу үндеуінде климаттың өзгеруі туралы да айтылған.
«Мен америкалықтар үшін қаншама жетістікке жеткенімізді мақтан тұтамын және жаңа үкіметке сәттілік тілеймін», - деді ол.
Сөз соңында Джо Байден өз халқына, отбасына және жақтастарына алғыс білдірді.