Жаңалықтар
«AMANAT»-тың республикалық сайлауалды штабы Жамбыл облысында
- авторjambylinfo.kz
- 9 наурыз, 2023
- 246
«AMANAT»-тың республикалық сайлауалды штабы Жамбыл облысында
«AMANAT» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелерінің аймақтардағы кездесуі жалғасуда. Партиялықтар Әулиеата өңіріне арнайы келіп, жамбылдық жұртшылықпен кездесті. Байзақ ауданына қарасты Көктал ауылындағы орта мектептің ұстаздар ұжымымен өткен жүздесуге Бердібек Сапарбаев, Оразкүл Асанғазы мен Әбутәліп Мүтәлі, Фарида Жүнісова және облыстық сайлауалды штабының мүшесі Махметғали Сарыбеков қатысты. Басқосу барысында алғаш сөз тізгінін алған Бердібек Мәшбекұлы білім саласына мемлекет тарапынан көптеп көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы мұғалімнің мерейін асырып, ұстаздың беделін арттыруға сеп болған.
- Мұғалім – елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол киелі мамандық. Мұндай мамандық иесі қашанда өресі биік, адамгершілігі жоғары болуы тиіс. Ұстаздың сөйлеген сөзінен, орамды ойларынан ізденімпаздығы мен елжандылығы байқалып тұруы шарт. Халқымыз әрқашан мұғалімді төрге шығарып, құрмет тұтатын. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары мұғалімдеріміз осынау ата-абыройынан айырылп қалды. Ұстаздың айтқанын жүре тыңдап, тапсырмасын талқыға салып, айтысып жатқандар аз емес. Міне, осы тұста «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, қолданысқа енгізілді. Осылайша, ұстаздардың аяқ асты болған абыройы қайта қалпына келтіруде. Әрине, заңға сәйкес сіздерге де артылар жауапакершілік жүгі ауыр. Сіздердің жұмыстарыңыз нәтижелі болу үшін барлық жағдай жасалуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай мұғалімдердің жалақысын жылына кем дегенде 25 пайызға өсіру мықтап қолға алынуда. Мұның бәрі сіздерге деген қамқорлық. Енді тек түлектеріңізге сапалы білім беріңіздер, - деді Бердібек Сапарбаев.
Бұдан кейін, сөз алған облыстық сайлауалды штабының мүшесі Махметғали Сарыбеков мұғалімдердің жалақысы көтерілгенімен, білім ошағында жұмыс істейтін өзге қызметкерлердің айлығы шайлығына жетпейтініне тоқталды. Ол өз сөзінде педагогтар мен өзге қызметкерлердің жалақысындағы айырмашылық жер мен көктей екенін айтып, келешекте осы мәселе оңынан шешілсе деген тілегін жеткізді. Сәйкесінше, республикалық сайлауалды штабының мүшелері бұл ұсыныс ескеріледі деп сендірді. Басқосу барысында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сағира Елубайқызы сөз алып, елді мекенге қоныс аударушы жас ұстаздардың көптігіне байланысты бос жатқан жерлерге инфрақұрылым тартылса десе, жас маман Ақерке Бөлекбаева «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында берілетін тұрғын үйлердің саны көбейтілсе деген өтінішін айтты.
Жалпы, аталған білім ордасының ғимараты былтыр салынып, пайдалануға берілген. Бүгінде мұнда 1207 оқушы білім алады. Үш қабаттан тұратын мектеп ғимараты газбен жылытатын дербес қазандыққа, орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылған. Мектеп материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған. Білім ошағында 32 оқу кабинеті, 4 компьютер кабинеті, 1 спорт залы, шеберханасы мен кітапханасы, медициналық пункт пен асхана бар. Мектепке маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасымалы да ұйымдастырылған. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 9500 орындық 13 мектеп сал жоспарланса, оның 8-і келер жылы қолданысқа берілуі тиіс.
Республикалық сайлауалды штабының мүшелері Түймекент ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылындағы «Түймекент-2019» өндіріс кооперативінің жұмысшыларымен де жүздесті. Кооператив төрағасы Әуесжан Қалабаевтың айтуынша, бұл іске 200 адам бір үйдің баласындай білек сыбана кіріскен. Нәтижесінде 7 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, 18 дана техника сатып алынған. Айта кету керек, кооператив мүшелері «Олжа Тұрғын» шаруа қожалығымен бірлесе жұмыс атқаруда. Осылайша, бір мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың түтіні түзу шығып, егін және мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ауыл тұрғындары партиялықтарға егістік жерлердің аздығын жеткізіп, бұл істің оңтайлы шешілуіне ықпал етуін сұрады.
Бұл күні аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы Әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде де кездесу өтті. Жергілікті тұрғындар арнайы қатысқан жиында республикалық сайлауалды штабының мүшесі Оразкүл Асанғазы «AMANAT» партиясының негізгі міндеттерінің бірі – әлеуметтік осал топтарды қолдау екенін атап өтті. «Жамбыл облысы елімізде ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Осыған байланысты халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету қажеттілігі туындауда. Бүгінгі таңда облыста тұрғын үй алуға кезекте тұрған 7,7 мың көпбалалы және 16,2 мың әлеуметтік осал отбасы бар. «AMANAT» партиясы алдағы 5 жылда әлеуметтік тұрғын үй құрылысына және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдеседі. Бес жыл ішінде 9 мыңнан астам отбасын, оның ішінде 1,6 мың көпбалалы және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда», - деді Оразкүл Асанғазықызы. Ал Бердібек Сапарбаев 2019 жылдан бері өңірде «Жамбыл облысындағы ауыл халқының табысын арттыру» пилоттық жобасы табысты жүзеге асқанына кеңінен тоқталды. Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Мәселен, «Ауыл Аманаты» жобасы аясында ауыл халқының табысын арттыру жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізілсе, биылдан бастап бұл жобаға 22 ауылдық округ енгізілмек. Нәтижесінде 2,5 пайыз бойынша 11,5 млрд теңге көлемінде 3 мыңнан астам жоба қаржыландыру жоспарлануда.
Партиялықтар осы күні Мырзатай ауылындағы облыстық мамандандырылған оңалту орталығының ұжымымен де кездесті. Қазіргі таңда денсаулық нысанында 80 адам ем алуда. Бас дәрігер Төлеген Бұғыбаевтың сөзінше, жыл сайын мұнда 1200-1300 адам ем қабылдаса, науқастардың басым бөлігі 40 жастан асқан азаматтар. Ем алушылардың көпшілігі инсульт, инфаркт алғандар. Оларға 4 дәрігер қызмет көрсетсе, оның ішінде екеуі жоғары санатты ақ халаттылар. Жалпы, орталықта 79 адам жұмыс істейді.
Айта кетейік, соңғы жылдары өңірімізде денсаулық сақтау саласының 20 нысаны пайдалануға берілген. Мұндағы емхана, 15 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік және 2 медициналық пункт негізінен ауыл-аймақтарда ашылған. Қазіргі уақытта облыста 466 денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның ішінде, мемлекеттік 388 болса, жекеменшік нысан - 58. Облыстың медициналық мекемелерінде 15,7 мың дәрігер мен медбике қызмет етеді. Аманаттықтар жетекші партия жыл сайын денсаулық сақтау ұйымында кемінде 160 медицина қызметкерін жұмысқа орналастыруға көмектесетінін атап өтті. Бұдан бөлек, кемінде 38 дәрігер біліктілігін арттыру үшін жетекші шетелдік медициналық клиникаларға жіберілмек. Партия ұсынған бұл саладағы шаралардың нәтижесі халықтың өмір сүру ұзақтығын 73,3-тен 75 жасқа дейін ұлғайтуға, денсаулық сақтау ғимараттарының тозуын 38,8 пайызға дейін төмендетуге әрі маман тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Байзақтықтармен болған әрбір кездесуде партиялықтар тұрғындарды «AMANAT» үшін дауыс беруге шақырып, сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын кеңінен түсіндірді. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар аудан көлемінде жыл өткен сайын егіншілікті кәсіп еткендердің қатары көбейе түскенін айтып, партиялықтардың араласуымен осы істің оң шешілуінен үмітті екенін жеткізді. Ауылдықтардың сөзінше, бүгінге дейін сәтті жүзеге асқан «Ауыл аманаты» жобасымен «Жер аманаты» комиссиясы ауыл тұрғындарына тың серпін берген. Ал партиялықтар қарапайым халықтың өтініш-тілектері ескерусіз қалмайтынын баса айтты.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз