Қаржы пирамидалары - қазақстандық қоғамның проблемасы
- авторСадуақас Айсұлу
- 4 қазан, 2024
- 119
Қаржылық пирамида – алаяқтықтың кең таралған және қауіпті түрі.Бүгінде халықтың қаржылық сауаттылығы артып, адамдар алаяқтардың айла-тәсілдерін жақсы меңгеріп алған. Дегенмен бәрібір қаржылық пирамидалардың құрбаны болып, сан соғып қалып жатқандар азаймай тұр.
Қаржылық пирамида – азаматтардан заңсыз ақша тартып алудың ең белгілі әрі кең таралып кеткен әдісі. Таңғаларлық жайт, қаржы пирамидасына қосылу әдетте азаматтардың өз еркімен және құқықтық сүйемелдеусіз іске асады. Мұндай схема жаңа адамдардың қаржы салуына тәуелді. Сондықтан уақыт өте келе, тұрақты жаңа қатысушылар табылмағандықтан пирамида құлдырайды. Пирамиданың ең басында тұрғандар пайдаға кенеледі, ал қалғандары көбінесе салымдарын жоғалтады. Елімізде қаржылық пирамидалардың алдын алу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен алаяқтар айылын жимай тұр. Мысалы, соңғы 8 айда Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық пирамидаға қатысты 2 қылмыстық істі тіркеген. – Қаржылық пирамидалармен күрес – қоғамдағы ең өзекті мәселе.
Жыл сайын елімізде қаржылық пирамидаға әлеуметтік желілер, интернет ресурстардағы жарнамалар, «YouTube» арналары және мессенджерлер арқылы жүздеген адам тартылады. 2024 жылдың 8 айында қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушыларға қатысты 2 қылмыстық іс тіркелсе, өткен жылы 200-ден аса жәбірленушінің арызы бойынша 3 қылмыстық іс тіркелді. Тергеу барысында департамент қабылдаған шаралар нәтижесінде азаматтарға 45 миллион теңгеден аса шығын өтелді. Департамент тарапынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Мәселен, «Chia Tai Tianqinq Pharmaceutical Group» қаржылық пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты қылмыстық істі тергеу барысында сатып алынған пәтер түріндегі мүлік пен 10 миллион теңгеден аса қаражат тәркіленді.
Заңсыз мазмұны бар сайттарды бұғаттау және жою мақсатында интернет-ресурстарды бақылау бойынша да жұмыстар белсенді жүргізілуде. Атап өтсек, 2022- 2023 жылдары департамент заңсыз ойын бизнесі және қаржылық пирамида белгілері бар 2 мыңнан аса сайтты анықтап, бұғаттады. 2024 жылдың 8 айында 1 940 сілтеме (онлайн казино – 484, қаржылық пирамида – 1 456) бұғатталды. Халық арасында түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізіліп, департамент қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарындағы бағдарламаларға қатысты. Қоғамдық орындарда және көліктерде бейнероликтер, баннерлер мен плакаттар орналастырылды.
Жуырда «AFM Online 2024» атты ауқымды республикалық конференция өтті. Іс-шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің белсенді жастары, қоғамдық ұйымдар, студенттер мен оқытушылар қатысты. Облыстағы мектептерде, оқу орындарында қаржылық сауаттылық бойынша 80-нен астам дәріс оқылды. Қаржылық пирамидаларды құру Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғатынын және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратынын ескертеміз.
Сонымен қатар біз азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржылық ұйымдарға салмауға шақырамыз, – дейді облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Жағыпар Исатаев. Жалпы кейбір адамдар қаржылық сауаттылығының төмендігінен немесе жылдам пайдаға кенелемін деген оймен қаржылық пирамидаға алданып қалады. «Қаржылық пирамидаға ақша салып, сан соғып қалғандар көбіне намыстанып айтпайды», – дейді қала тұрғыны Самал Әділбекова. – Мен де қаржылық пирамиданың құрбаны болғанмын. Ұжымдасым жақсы бір компанияға өкіл болғанын, оған кіру үшін 50 мың теңгеге жуық ақша беру керек екенін, егер артыңнан біраз адам кіргізетін болсаң, сол 50 мың теңге бірнеше есе көбейіп қайтатынын айтты.Ұжымдасым өте пысық қыз болатын. Содан не керек, сеніп, ақшаны өз қолыммен бердім. Соңымнан біраз танысым кірді. Соңында берген 50 мыңмен қоса таныстарымның сенімінен айырылып қалдым. Жақындарыма, басқа да әріптестеріме айтуға ұялдым.Сол жабулы қазан жабулы күйінде қалды, – дейді Самал Әділбекова.
Қаржылық пирамида схемалары заман талабына сай өзгеріп, күрделеніп барады. Сондықтан оларды тану қиынға соғуы мүмкін. Кейбір алаяқтар криптовалюта немесе инновациялық жобаларға инвестиция жасауға шақыру арқылы адамдарды алдайды. Жылдам және үлкен пайдаға қызыққан азаматтар еш алаңсыз ақша салып, нәтижесінде барынан айырылып жатады. Қаржы нарығында лицензиясы жоқ компаниялармен жұмыс істеуден сақтану және инвестициялау кезінде сауатты болу өте маңызды. Сонымен қатар қаржылық пирамидаға қатысты заңбұзушылықтарды көрген жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажет. Бұл сіздің ғана емес, өзгелердің де алданып қалмауына көмектеседі. Қаржылық пирамидалардың ең қауіпті жағы – олардың тартымдылығы.
Алаяқтар адамдардың сенімін жаулап, үлкен кіріс пен мол пайда уәде етеді. Алайда бұл схемалардың сәтсіз екені белгілі, себебі жаңа қатысушылардың ақшасы таусылғанда пирамида құлайды. Осындай алаяқтыққа алданып қалмау үшін адамдар инвестиция салмас бұрын мұқият зерттеу жүргізуі керек. Заңды қаржы институттарымен ғана жұмыс істеу және кез келген қаржылық ұсынысты сыни тұрғыдан қарастыру маңызды. Егер күмәнді ұсыныстар алсаңыз, арнайы қаржылық кеңесшілерге жүгініп, ақпаратты тексерген дұрыс. Қаржылық сауаттылық пен сақтық – алаяқтардан қорғанудың ең тиімді жолы. Қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы ғана алаяқтықтан қорғана аламыз.