дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 18:14

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылыққа бастайды

«Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылыққа бастайды
Фото ашық дереккөз
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «AMANAT» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының маңыздылығын ерекше атап өтті. Жоба азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, дұрыс қаржылық жоспарлау мен бюджетті басқаруды үйрету, қарыздар мен микронесиелер бойынша туындаған мәселелерді шешуге көмектесу, алаяқтардан қорғау мақсаттарын көздейді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «AMANAT» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының маңыздылығын ерекше атап өтті. Жоба азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, дұрыс қаржылық жоспарлау мен бюджетті басқаруды үйрету, қарыздар мен микронесиелер бойынша туындаған мәселелерді шешуге көмектесу, алаяқтардан қорғау мақсаттарын көздейді.

Интернет пен мобильді банкингтің қолжетімділігі, онлайн сауданың қарқынды дамуы адамдарға үйде отырып-ақ қаржылық операциялар жасауға мүмкіндік бергенімен алаяқтардың әрекеттеріне жол ашты. «Қарызсыз қоғам» жобасы осы тұрғыда азаматтарды қаржылық сауаттылыққа үйретіп, алаяқтардан сақтану тәсілдерін меңгертуге бағытталған.

Мысалы, 48 жастағы Жанар Агибетова Меркі ауданы, Андас батыр ауылында тұрады. Ауыл әкімшілігінде еден жуушы болып жұмыс істейтін Жанардың айлық табысы 79 мың теңгені ғана құрайды. Отбасылық жағдайы төмен болғандықтан сіңлісінің өтінішімен бірнеше рет микрокредиттік ұйымдардан қарыз алуға мәжбүр болған. Бастапқыда сіңлісі қарызды төлеп жүріп, кейіннен төлемді тоқтатады. Жанарға несиені өзі өтеуге тура келіп, ай сайынғы табысының жартысын осы қарыздарға жұмсап келген.

Осындай қиындықтарға тап болған Жанар «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық сауаттылық курсына қатысады. Курстарда ол қаржылық жоспарлау мен алаяқтардан сақтану тәсілдерін үйреніп, қаржылық сарапшылар мен заңгерлердің көмегімен екі несиесі бойынша атқарушы жазбаларды жоюға қол жеткізеді.

Шу ауданының тұрғыны, екі баланың анасы, 43 жастағы мұғалім Данара Ибрагимова да қаржылық алаяқтықтың құрбаны болған. 2023 жылдың маусым айында ол бұрынғы несиесін жауып, толық құтылдым деп ойлаған еді. Алайда оған өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар хабарласып, атына жаңа несие рәсімделгенін айтады. Осындай жолмен алаяқтар оның атына 3,5 миллион теңге көлемінде онлайн несие ресімдеген. Кейінірек Д.Ибрагимова «Қарызсыз қоғам» жобасына жүгініп, заңгерлерден кеңес алады және заңсыз рәсімделген несиені есептен шығару бойынша шараларды қолға алған.

Ал 33 жастағы Перизат Сәрсембиева Байзақ ауданының Жетібай ауылында тұрады. Екі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Перизат қоғамдық жұмыстар бойынша жалдамалы қызметкер ретінде жұмыс істейді және оның ай сайынғы табысы 80 000 теңгені құрайды.

Өмірінде түрлі қаржылық қиындықтарға тап болған ол жұмыссыз кезінде күнкөріс қажеттіліктерін жабу үшін бірнеше рет қарыз алуға мәжбүр болады. Алғашында «Kaspi» арқылы 120 000 теңге, кейін тағы 40 000, 60 000 және 50 000 теңге көлемінде несие рәсімдейді. «Kaspi» банктегі несиелерін жабу мақсатында Перизат Дарханқызы «Home Credit Bank»-тен 500 000 теңге несие алады. Алайда күрделі отбасылық және қаржылық қиындықтарға байланысты жұмысынан айырылып, жұбайымен ажырасады. Салдарынан Перизат несиені уақытында өтей алмай, екінші деңгейлі банктер алдында қарызы көбейіп, шоттары бұғатталады. Сонымен қатар нотариаттық іс әрекеттер жасауға және Қазақстаннан шығуға уақытша тыйым салынды. «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, қаржылық сауаттылық курстарынан өткеннен кейін Перизат бірқатар қолдауға қол жеткізеді. Қарызды қайта құрылымдау үшін қажетті құжаттарды жинақтап, жеке сот орындаушы анықталып, заң бөлімінің мамандарымен бірге банк шоттары мен мүлкіндегі тыйымдарды, нотариаттық іс-әрекеттер жасауға қойылған шектеулерді алып тастау мақсатында атқарушылық жазбаны жоюға арналған хаттар жазады. Сондай ақ жоба аясында несие бойынша төлемдер жасау үшін арнайы төлем кестесі құрылып, қарыздарын төлеу жұмыстары басталды.

Осылайша «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы Перизатқа қаржылық қиындықтардан шығуға көмектесу мақсатында жан жақты қолдау көрсетілді.

Жоба қаржылық сауаттылықты арттырып қана қоймай, азаматтарды өз құқықтарын қорғауға және алаяқтардың айла-әрекеттерінен сақтануға үйретеді. Жанар Агибетова мен Данара Ибрагимованың, Перизат Сәрсембиваның оқиғалары қай кезде де қаржылық білімнің маңызды екенін көрсетеді.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар