жұма, 27 желтоқсан, 2024 19:23

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бейімделу кезеңінен ойдағыдай өтуде

Бейімделу кезеңінен ойдағыдай өтуде
Фото ашық дереккөз
Күзгі шақырылған жас сарбаздардың келуімен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қатары толығуда. Жас жауынгерлерді бөліністеріне қарай әскери бөлім командирлерінің өзі арнайы қабылдап алды. Әскерге енді келген сарбаздарды ортаға бейімдеу үшін командир мен орынбасарлары жігіттермен жақынырақ танысып қана қоймай, толқыныстарын түсініп, жауынгерлерге алғашқы минуттардан-ақ қамқорлық танытуы қажет.

 Ал сарбаздар әскери өмірге тез үйренісуі үшін дұрыс байланыс орната білудің маңызы зор. Бұл ретте борышын өтеуге келген жігіттерге жаңа ортаға бейімделуге келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, офицер-командирлер мен аға жолдастар көмектеседі. Жас жауынгерлердің оқу-жаттығу жиындарын бақылап отыру үшін ең білікті және тәжірибелі әскери қызметкерлер таңдалады. Олардың басты міндеттерінің бірі – жас сарбаздарды зерттеу. Осы мақсатта офицерлер сарбаздардың өмірбаяндық деректерін, психотерапевт мамандары берген нәтижелерді және денсаулық карталарын мұқият зерделейді.

Қазіргі уақытта қолбасшылыққа қарайтын әскери бөлімдерде жаңа сарбаздармен тереңірек танысу жұмыстары жалғасуда. Айта кетерлігі, бұл кезеңде тәрбиешілер мен әскери психологтардың кәсіби біліктіліктері көрінеді.

– Әскери бөлімдерімізге шақырылған сарбаздардың барлығы да қосымша психологиялық тестілеуден өтеді. Бақылау арқылы біз бір бөлімге жасақталатын жігіттердің мінез құлқы, ерекшеліктері, өмірлік ұстанымдары туралы толық мәліметке қанығамыз. Сонымен қатар шақырушылармен міндетті түрде сауалнама жүргіземіз. Сарбаздар әскери бөлім, алғашқы әсерлері туралы бірқатар сұраққа жауап береді, – деп түсіндіріп өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бас психологі, подполковник Ақмарал Төлеутаева.

Айта кетейік, сауалнамалар әрқашан анонимді түрде өтеді. Яғни сарбаздар өздерінің аты-жөндерін көрсетпей-ақ, сауалнамаларда өз пікірлерін жаза алады. Сауалнаманың анонимділігі объективті және шынайы жауаптарға қол жеткізуге көмектеседі.

Ал жауаптарды зерделеу барысында қолбасшылық әскери құрамдағы атмосфераны және жас сарбаздардың көңіл күйін талдауға, сондай-ақ қажет болған жағдайда жауынгерлік дайындық процесіне түзетулер енгізуге мүмкіндік алады.

– Біз жас сарбаздармен жұмыс істеудің түрлі әдістері мен тәсілдерін қолданамыз. Олардың жаңа жағдайларға оңай бейімделуі үшін әңгімелер, соның ішінде жеке әңгімелер жүргіземіз. Біз үшін сарбаздардың психологиялық денсаулығы өте маңызды. Көңіл күйі жақсы болған сарбаздар әскери пәндерді жылдам меңгеріп, жаңа құрамға тез үйреніп, командирлерін де, ата аналарын да қуантып, әскери борышын алаңсыз атқаратын болады, – дейді А.Төлеутаева.

Әскери ант қабылдауға дейін жас жауынгерлерге бір ай уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде сарбаздар әскери істің қыр-сырын меңгереді, қару-жарақпен жұмыс істеуді үйренеді, әскери жарғылармен танысады және өз міндеттерін дұрыс орындау, әскери тәртіпті сақтау секілді жауынгерлік қызметтің негізгі қағидаттарына қанығады.

Сабақтар үздік сержанттардың арасынан таңдалған тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен өткізіледі. Әскери мансабында қатардағы сарбаздан бастап, түрлі қызметте ысылған олар жауынгерлер тез меңгере алуы үшін дәрісті қалай сапалы жеткізу керектігін жақсы біледі.

– Сарбаз қиындық, мәселе туындаған жағдайда өзіне қай кезде де командир, оның орынбасарлары, әскери психологтар, сауатты сержанттар көмектесе алатынын сезінуі маңызды. Шешімі жоқ мәселе болмайды, кемшіліктерді де түзетуге, қиын жағдайды жақсартуға болады. Ең бастысы, жас жауынгерлер туындаған мәселе туралы үнсіз қалмауы керек, – деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Нұржан Өмірзақов.

Ұлдардың әскерге қалай бейімделгені туралы сарбаздардың ата-аналары ай соңында, ант қабылдауға келген кезде біле алады. Айта кетерлігі, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында перзентінің әскери өміріне алаң болған ата-аналар үшін «Ашық есік» күнін өткізу жақсы үрдіске айналған.

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар