Жаңалықтар
Астанадағы қай көшеге өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілетіні айтылды
- авторjambylinfo.kz
- 28 желтоқсан, 2022
- 326
Астанадағы қай көшеге өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілетіні айтылды
Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаланың кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды Жамбылинфо Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Оның ішінде №38 көшеге әл-Фараби атын беру мәселесі көтерілді.
«Бұл көше бірнеше жолақты, Тәуелсіздік даңғылының жалғасы. Фариза Оңғарсынова көшесіне дейін созылып жатыр. Болашақта Қабанбай батыр даңғылына дейін созылатын үлкен даңғылдардың бірі болады», - деді Астана қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.
Сондай-ақ басқарма басшысы өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімін №Е583 көшеге беру туралы ұсыныс енгізді.
«Арман» тұрғын үй кешенінде өрт болып, сол жерде өрт сөндіруші Асқар Забикулин қаза тапты. Қаладағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің атын беру туралы президенттің тапсырмасы болды. №Е583 көшесіне Асқар Забикулиннің атын беру туралы ұсыныс енгізіп отырмыз», - деді Сәкен Есіркеп.
Ал Астана қаласының бесінші ауданының аты «Нұра» болады.
«2022 жылдың бірінші желтоқсанында Астана қаласы ономастика кеңесінің кезекті отырысы өтті. Көптеген ұсынысты саралап, ең соңында екі ұсынысты ономастика комиссиясының отырысына алып шықтық. Оның бірі – Нұра атауы. Нұра – Қарағанды мен Ақмола облысының аумағындағы ұзындығы 1 мың шақырымға жуықтайтын өзеннің аты. Тағы бір ұсыныс – «Қараөткел» атауы. Лингвистермен ақылдасқан кезде екі дауысты дыбыстың қазақ тілінде қатар келуі қате деген сын айтылды. «Нұра» атауы қысқа-нұсқа болғандықтан, осы тоқтамға келдік», - деді Сәкен Есіркеп.
Астана мәслихатының депутаттары бұл атауды қолдады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз